Нұралы САДУАҚАСОВ: ІНДЕТТІҢ алдын алу – МІНДЕТ
Аптаның алғашқы жұмыс күнінде аймақ басшысы билік және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен аппарат жиынында Тобыл өңірінің тазалық мәселесін көтерген еді. Осы бағыттағы есебімен мінбеге көтерілген Қостанай облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Сәуле Байменова өңірдегі атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті. Оның айтуына қарағанда, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында көптеген өзгерістер орын алған. Атап айтқанда, еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қайта ұйымдастырылып, жұмыс ауқымы кеңейтіліпті. Атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде, өңірдегі жұқпалы індеттің легі азайған. Мысалы, өкпе құрт ауруы 20,7 пайызға, өткір ішек ауруы 6, сальмонеллез 13, ротавирус 3 пайызға азайған.
Мұның есесіне, қан ауруы – 3, сары ауру – 6, ВИЧ індеті 45,8 пайызға дейін артқан. Білікті маманның уәжіне құлақ асар болсақ, жағдайдың бұлай өріс алуына індетке қарсы егу жұмыстарының кеш жүргізілуі себеп. "Қысы 6 айға созылып, оңтүстік өңірлермен салыстырғанда салқыны екі есе Қостанай облысында егу жұмыстары республикалық көрсеткіштің орта межесіне сай жүргізіледі. Ал, оңтүстік аймақтарда егу жұмыстары бізден екі есе жоғары. Кейбіреулері мұны ертеден қалыптасқан үрдіс деп түсінеді. Олқылықтың орнын толтырып, індеттің алдын-алуға ерекше мән беру қажет", – дейді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшысымен өз орынбасарларына егу жұмыстарына кетер қаржыны дұрыс есептеуді қадап тапсырды. Облыс әкімі жарты жылдың қорытынды жиынында тиісті сала басшыларының осы бағытта есеп берерін ескертті.
Жұматай
Кәкімжанов