Германияда оқитын қазақ жастары бас қосты
Шетелде жүрген жастар Германияның Франкфурт қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында бас қосты. Олар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері еді. Жастарды «Alumni NIS» қағидаттарына айналған Oтынды сүй, Әлемді өзгерт, Адал бол сөздері біріктірді.
Кездесу қатысушылары Германиядағы биохимия, цифрлық технология, машина жасау, инженерия, логистика және экология салаларында мамандандырылған үздік университеттерде білім алуда. Солардың бірі – Hochschule Rhein-Waal студенті Әмина Бақтиярова.
– Мен Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектепке Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов атындағы қарапайым ауылдық мектептен түстім, ағылшын тілі мен химия пәндері қиын болды. Шет тілін меңгерудің аздық ететінін түсініп, неміс тіліне қызыға бастадым, 12-сыныпта IELTS емтиханынан 8.0 балл алып, қатарынан бірнеше университетке, соның ішінде Экономика жоғары мектебіне грантқа шақырту алдым. Мен Германиядағы Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетін таңдадым. Қазір Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Клеве қаласында биоинженерия саласында оқимын. Қазақстандық ғылымда, соның ішінде фармацевтикада өзімнің қолтаңбамды қалдыруды армандаймын. Бос уақытымда шығармашылықпен айналысып, ағылшын тілінде өлеңдер жазамын, екі кітап шығарып та үлгердім. Ауылымдағы мектепте оқып жүрген кезде шетелде білім алып, бірнеше тілді жетік меңгеремін деген ой мүлде болмаған. NIS маған үлкен мүмкіндіктер сыйлады, Зияткерлік мектепке түскеннен кейін өзіме деген сенімім артып, біздің басты қағидаттарымызға айналған «отан алдындағы жауапкершілік», «академиялық адалдық», «қоғамға қызмет ету» ұғымдарын бойыма сіңірдім, – деді Ә.Бақтиярова.
Дипломаттар тарапынан жасалған жайлы әрі отбасылық атмосфера, шынайы диалог пен дәмді дастархан үйлерінен жырақта жүрген балалардың көңілінен шықты.
– Бүгінде Германияда білім алып жатқан әрбір қазақстандық студент – өз елінің өкілетті өкілі, олар Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы және қазақтың басқа да біртуар перзенттерінің рухани мұрасын әлемге танытуда, – деп атап өтті Франкфурт қаласындағы Бас консул Тауболды Үмбетбаев.