Қамысты ауданында жаңа цех салынады
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауылды дамытуға мән беру қажеттігін жиі тілге тиек етеді. Ол үшін жергілікті жерлерде мал шаруашылығын дамытып, шалғай өңірлердің инфраструктуралық құрылымдарын жақсарту керек. Үстіміздегі жылы Қамысты ауданындағы " ПКФ Қайрат" ЖШС құрама жем цехын салуды жоспарлап отыр. Жаңа өндірістік кешеннің жобалық қуаты жылына 1 500 тоннаға жетеді. Яғни, сағатына 4,8 тонна құрама жем шығаруға қауқарлы. Жаңа нысанға 700 млн теңге жұмсалмақ. Бұл туралы аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамбетов айтты.
"Биыл Бестөбе мен Адаев ауылдарына су тарату желілерінің құрылыстарын салу жалғасады. Оның жалпы құны 1 267,9 млн теңге болса, биыл құрылыс-монтаж жұмыстарына 375,7 млн теңге бағытталады. Қамысты ауылындағы бұрынғы қонақ үйдің бос тұрған ғимаратын коммуналдық көппәтерлі тұрғын үйге айналдыру үшін 142,5 млн теңгеге инженерлік желілер ауыстырылады", -деді аудан әкімі.
Ғ.Бекмұхамбетовтің айтуынша, биыл "Ауыл – ел бесігі!" арнайы жобасы аясында үш жоба ел игілігіне айналады. Мәселен, Қамысты кентінде төрт көше, Алтынсарин ауылында бір көше, Арқа ауылында бір көшенің жолдары жөнделмек.Сондай-ақ, ауданішілік көлік жолдары қалпына келтірілетін болды. Адаев және Бестөбе ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстарын жобалау да үстіміздегі жылдың еншісіне тиіп отыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ,
Қамысты ауданы