Қ.Ақсақалов: “Аудан, ауыл жолдарының көбі тозған”
Биыл астықты өңірде қыруар жоба қолға алынбақ. Осылайша, экономиканың өсу қарқынын арттыру көзделген. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, экономика кем дегенде 2 % -ке өсуі мүмкін.
– Алдағы бесжылдыққа арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасай отырып, біз осындай қорытындыға келіп отырмыз. Ол үшін экономиканың негізгі тетіктері – өңдеуші өнеркәсіпті кемі 5,0%-ке, құрылысты 5,1%-ке арттыруымыз керек. Биыл облыста 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. 462,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жыл сайын кемінде 3,5 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 116,1 млрд теңгеге жеті индустриялық жобаны іске асыру, негізгі капиталға инвестициялар көлемін 435 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жол сапасын жақсарту, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту ісі – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе, – деді басқарма басшысы.
Өткен жылы қыруар шаруа атқарылды. Биылғы міндет одан да ауқымды. Ең бастысы 2023 жылы облысқа 600 миллиард теңге инвестиция тарту міндеті қойылды.
-Өткеннен сабақ алмаса болмайды. Былтырғы кемшін тұстарды елеп-екшей келе, бұл жолы жаңа ірі жобаларға басымдық беруіміз керек. Экономиканы одан әрі әртараптандыру үшін инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыруға қатысты жұмысты мықтап қолға алған жөн деп есептеймін, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі аудан, қала басшыларына тауарлық-сүт фермаларын салу, егіс алқаптарын әртараптандыру және мал шаруашылығын дамытуды бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ол ауыз су мәселесін, жол жөндеу жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.
-Аудан, ауыларалық жолдардың көбі тозған. Жүруге жарамсыз. Ең алдымен, соларға назар аудару керек. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өткір тұр. Сондықтан, желілердің осал учаскелерін анықтап, оларды жөндеуді қолға алуды осы бастан ойластырған жөн. Алдымен жобалық-құндық құжаттарын әзірлеңіздер. Қаражат облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында бөлінетін болады. Жұмысты нақты мерзімінде атқару үшін жылдық және айлық жұмыс кестесін дайындаңыздар, – деді Қ.Ақсақалов.
Қала, аудан әкімдеріне ширақтық таныту қажеттігі ескертіліп, апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында 1 маусымға дейін барлық желіге техникалық тексеру жүргізу тапсырылды.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ