Құмар Ақсақалов өндірісі кеміген өңірлердің әкімдерін сынға алды
Облыста ішкі жалпы өнімнің 60%-тен астамына ие ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс тәрізді экономиканың негізгі салаларында өсім бар. Мәселен, өткен жылы жергілікті кәсіпорындар барлығы 2,4 трлн теңгенің өнімін өндірген. Оның басым бөлігі тау-кен өндірісіне тиесілі. Дей тұрғанмен, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ірі кәсіпорындар өндіріс көлемін біршама азайған. Лисаков, Рудный қалаларында темір, боксит өндіру, темір кені концентраттары мен түйіршіктер өндірісі 80,6%-ке дейін кеміген. Денисов ауданында қиыршық тас, ет, нан, Меңдіқара ауданында май және сүт, сүзбе және нан өндірісінің көрсеткіші анағұрлым төмен. Қысқасы, Қарабалық және Ұзынкөл аудандарынан өзге өңірдің даму көрсеткішінде кемшін тұстар бар. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов көрсеткіші кем Қамысты, Денисов аудандарының әкімдерінің есебіне құлақ түрді. Бірақ, аталған екі ауданда да жоспар жеткілікті деңгейде орындалмаған. Аудан басшылдары жаңа жоба түзудің орнына, осыдан екі-үш жыл бұрынғы жұмыстарын алға тосумен әлек. Облыс әкімі өңірлердің даму деңгейін төмендетіп алған екі ауданның басшысын тәртіптік жазаға тартты. Тиісті көрсеткіштерге қол жеткізбеген Алтынсарин, Федоров, Қостанай аудандары мен Қостанай, Рудный қалаларының әкімдерінің есебі бірінші тоқсанның аяғында тыңдалатын болды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық нарықта және елімізде бәсекеге қабілетті, мықты технологияға құрылған өнеркәсіп қажет екендігін айтып келеді. Бұл мәселе бекерден бекер көтеріліп отырған жоқ. Әсіресе, әлем елдеріндегі шиеленіске байланысты бәсекелестіктің мейлінше арта түскенін көріп отырмыз. Біздің еліміз көпвекторлы саясат ұстанатыны белгілі. Мұндай жағдайда қолда бар дүниені ұқсатып, оны еселей түсу маңызды. Өңірде трактор, комбайн құрастыруда, азық-түлік өндірісінде құлдырау байқалады. Сары май өндірісі 2021 жылдың деңгейінде тұр. Инвестиция тарту жағы да көңілге қонымсыз. Қостанай, Рудный және Б.Майлин аудандарындағы өнідіріс ошақтарына құйылған қомақты қаржыны қоспағанда, қалған өңір инвестицияны бюджет есебінен толықтырып отыр. Бұл жерде өңірлерді әртараптандыру жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бұған келтірер мысал көп.
– Жақында Арқалықта нефроид өңдейтін зауыт салуға ниетті инвесторларды қабылдадым. Олар екі жыл бойы кабинет жағалап, құзырлы министрліктен рұқсат ала алмай жүр. Мұндайды уыстан шығаруға бола ма? Мәселе толық шешілмейінше, министрлікті мазалай беру керек. ТБРУ жабылған соң Арқалықтағы көп адам жұмыссыз қалды. Мынау ел үшін пайдасы мол жоба емес пе! Екінші мысал, Лисаков қаласындағы кремний карбидін өндіретін зауыт салу туралы әңгіме 2019 жылы шыққан. Бірақ, ол айтылған жерде қалды. Әлі күнге қозғалыс жоқ. Халықты бұлай алдамау керек. Ал сіздер басқа жоба болмағандықтан, баяғы бір жобаны шиырлай бересіздер. Инвестиция тарту – аудан, қала әкімдерінің негізгі жұмысы. Ал ол жұмыс жеткіліксіз екендігін көріп отырмын, – деді облыс әкімі Қ.Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ