Тіл мәселесі талқыланды

"Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" атты дөңгелек үстел өтті. Келелі басқосуға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, білім басқармасының мамандары, педагогтер мен тіл үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері және студенттер қатысты.
Еркін форматтағы кездесу болғандықтан жиылғандар ойларын ортаға салып, тіл үйренудің  артықшылықтарын айтып, меңгерудің әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Алғашқы болып сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі, ф.,ғ.,к., Гүлжанат Жүрсіналина бұл мәселемен тек тіл мамандары айналысу керек деген түсініктен арылу керегін тілге тиек етті.
– Қазақ тіліне қатысты жиындарға өзге сала мамандарын да тарту керек. Біз тек тіл мамандары, ақын-жазушыларды, журналистерді жинап алып жиналыс жасай береміз. Басқа сала өкілдері де қазақ тілінің болашағына атсалысуға міндетті деп санаймын, – дейді Гүлжанат Құрмашқызы.
Сондай-ақ, тіл маманы, мектеп оқушыларының тіл үйренуге келгенде ынтасыздығына тоқталды. Орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерді қолдау жоқтың қасы деп отыр. Мектептерге деңгейлік оқыту жүйесін енгізу керек деген ұсынысын білдірді. Тіл үйренем деушілерге жасалған арнайы сайттардың тізімін көрсетіп, таныстырды.
Ақын, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет терминология және аударма мәселесін кеңінен қаузады. "Осы бағытта жұмыс істер кезде Ахмет Байтұрсынұлына, Елдос Омарұлының сөздеріне жүгіну қажет. Өзімізде бар, балама сөздер тұрғанда өзге тілден алып қажеті жоқ" деген ойды айтты. Сәтті және сәтсіз аударылған сөздерден мысалдар келтірді. 
– Ауыл шаруашылығына қатысты, техника саласындағы, кибернетика, биология саласында кейбір терминдерді сол қалпында қалдыру керек шығар, бірақ өзімізде бар сөзден неге қашамыз? Айталық, біздің ұстазымыз Ісләм Жарылғапов көптеген аударма сөздерді жасады. Мысалы, қазақта "мороженое" деген болған жоқ, оны "балмұздақ" деді, "остановка" деген болмады "бекет" дейтінбіз, ол кісі "аялдама" деп аударды, "пляжді" "жағажай" деді, тамаша аударма ғой. Тілімізге әбден сіңіп кетті. Рымғали Нұрғали ағамыз "обойды" "түсқағаз" деп аударды. "самолетті" "ұшақ", "вертолетті" "тікұшақ" деп жүрміз. Сондықтан жаңа сөз жасамдарынан қашпауымыз керек. Біз "мұражайды" қайтадан "музей" деп, "мұрағатты" "архив" дегеннен не таптық. Өзге тілден енген сөздерді қабылдай берсек,  қазақ тілінің жұрнағы да қалмайды, – деді Ақылбек Қожаұлы.
Ұлты қазақ көптеген ата-аналар балаларын орыс сыныптарына береді. Оның басты себебін Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Қостанай филиалының төрағасы Заңғар Санай айтып берді.
– Солтүстік аймақтарда тіл мәселесі өзекті екені баршаға аян. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарымен білім беру ұйымдарында көптеген кездесулер ұйымдастырдық. Өңірге белгілі тіл жанашырларын ертіп жүріп қаламыздағы аралас мектептердің ата-аналарымен кездестік. Барлығын айтатыны "біз өзіміз қазақ тілін білмейміз, ертең баламыздың сабақтарын қалай орындатамыз, егер өзіміз түсінбесек" дейді. Ал, баласы мүмкін қазақ мектебінде білім алғысы келетін шығар, онымен санасып жатқан ата-ана жоқ, – дейді Заңғар Санай.
Дөңгелек үстел басында айтылған ұсыныстар қағазға түсіріліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Тілді меңгерем деген адамға бар жағдай жасалған, тегін үйірмелер, оқыту орталықтары бар. Спикерлер дөңгелек үстелді тіл үйренем деушілерде ең бастысы ниет, ұмтылыс болса болғаны деген сипатта түйіндеді.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓