Ғалымның ғылыми көзқарасы
Әлеуметтану ғылымының кандидаты, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры Жанділдә Мақановтың «Монологтар» атты кезекті кітабы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Достық үйінде» өтті. Шараны басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов жүргізіп отырды. Қостанай облысының құрметті азаматы Сергей Харченко жиылған жастарға кітаптың құндылығы жөнінде айта келе: – Жақсы кітап жазу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Жанділдә Қожахметұлы жазған бұл еңбектің келер ұрпаққа берер тағылымы, мол мағлұматын ескерсек, оқылымды кітаптардың санатына жатқызуымызға әбден болады. Автор тағы да ғылыми еңбектерін жарыққа шығарады деп сенемін, – деді.Ал Қазақстанның құрметті журналисі Жанұзақ Аязбеков «Монологтар» кітабы үлкен сұранысқа ие болады дейді.
– Әулиекөл аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған тұстан бастап Жанділдә Қожахметұлы әлеуметтану саласында еңбектенуін тоқтатқан емес. Бұл кітап – көп жылғы тынымсыз еңбектің жемісі. Облыстағы қоғамдық-саяси жағдайлар, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары, жастар саясатына қатысты негізгі тетіктерге ғылыми көзқарас білдіреді. Автор ел және аймақ тіршілігіне қатысты күрделі проблемаларды шешу үшін бірнеше идея ұсынады. Техногендік заманда өмір сүріп жатырмыз. Осы тұста дәл қазаққа қатысты дүниелерде Жәкең бейтарап қалған емес. Ұлт тағдыры жөнінде айтқан автордың толғамды ойлары ,әсіресе, жас ұрпақ үшін керек, – деді Жанұзақ Аязбекұлы.
Ғалым Денис Качеев кітап таралымын көбейтіп, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне әдістемелік құрал ретінде пайдалануды ұсынды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков