Жанам деген жүректерге от берген… (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанайда Қазақстан-Ресей жастарының форумы басталды. Екі күнге жоспарланған бұл ауқымды шараға көрші елден және Қазақстанның барлық облысынан мыңнан астам делегат жиналды. Форум мақсаты – әр саладағы жас еріктілердің қоғамдағы рөлін, белсенділігін арттыру.
Халықаралық деңгейдегі іс-шара "Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында!" атты аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Маңызды форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, РФ Жастар ісі жөніндегі агенттігі басшысының орынбасары Андрей Платонов, «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк және тағы басқа да қонақтар қатысуда.
«Өздеріңізге белгілі, биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Осы атаулы датаға арналып өтіп жатқан форум – Қазақстан мен Ресей достығының тағы бір көрінісі. Қазіргі таңда жастардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалған. Өңірдегі ЖОО-лар мен арнайы орта оқу ордаларында 40 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл облыс әкімдігі гуманитарлық, техникалық мамандықтарға екі жүзден артық грант бөлді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы басталғалы 400-ден астам жастың мемлекет қолдауына ие болғанын айта кету», – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов форумның ашылуында.
Екі күнге жалғасатын форумда қос елдің баяндамашылары еріктілер қозғалысы тарихындағы үздік нәтижелер, жетістіктер туралы ой бөлісіп, тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар сайысы, жастарға арналған концерттік бағдарламалар жоспарланған.
Айта кетейік, форум қарсаңында, 14-16 мамыр күндері Қостанай облысы мен Қорған өңірінің еріктілері Тобыл өзенінің жағасын тазалаған болатын. «ECO-challenge Qostanai» акциясына Қамысты, Жітіқара, Таран, Денисов, Қостанай аудандары мен Рудный, Лисаков қалаларының жастары атсалысқан еді. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар ерекше даярлықпен тосқан, Қостанайда тұңғыш рет өтіп отырған шараның берер нәтижесі көп боларына кәміл сенімді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев