“Өте жақсы” деген болмайды

Қостанай облысында мемлекеттік қызметтің әлеуетін өсіру, құқық бұзушылықтарды азайту бағытында көп жұмыс атқарылып жатыр. Соның ең елеулілерін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысындағы департаментінің басшысы Асхат Ескендіров брифингте баяндап берді.
Облыста 649 мемлекеттік орган бар. Оларда 5212 адам қызмет етеді. Кадрлар сапасы жөнінен облыс жоғары деңгейлі өңірлер қатарында. Жоғары білімді жас мамандардың үлесін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр осы мақсатта департамент студенттер арасында 82 іс-шара өткізіп, 217 рет мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырған.
«2022 жылы облыста бос жұмыс орнына 1390 конкурс жарияланып, 901 адам қызметке қабылданды. Жоғары лауазымдарға 176 адам тағайындалды, – дейді департамент басшысы. – 2021-2022 жылдары 112 ауыл әкімінің сайлауы өтті. Осы жылы 33 ауылдың әкімі сайланады деп жоспарланып отыр».
Департамент басшысының айтуынша, облыста әдеп нормаларын бұзу деректері азайған. Қазір Әдеп жөніндегі кеңес құрамы БАҚ және белсенді қоғам өкілдерімен толыға түсуде. Олар жыл бойы түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесіз емес. Былтыр 2021 жылға қарағанда әдеп нормаларын бұзу деректері 60 пайызға кеміген.
«Өткен жылы 47 тұлғаның құқығы қорғалды. Заңнаманы белден басқаны үшін 33 қызметші жауапкершілікке тартылды. Тәртіпке шекеден қараған тағы 16 тұлғаға 2 млн теңгеден айыппұл салынды», – деп тізбелей өтті А.Ескендіров.
Облыста электронды қызмет алушылар үлесінің жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Былтыр 11 млн адам интернет мүмкіндігін пайдалана отырып, қажеттіліктеріне қол жеткізген. Бұл уақыт өткен сайын жеңілдеп келеді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған барлық қызмет пен жеңілдік «SmartKostanay» мобильдік қосымшасында біріктірілді. Тұрғындар арасында цифрлық сауаттылық жобалары жемісті жүзеге асып жатыр.
«Сондай-ақ, облыста «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» республикалық жобасы басталды. Бес жыл облыста жүзеге асырылған жоба бүгінде республикалық деңгейде өткізіледі. Мақсаты – жастарға мансаптық өсуге мүмкіндік беру. Оған 18-29 жас аралығындағы жоғары білімі бар жастар қатыса алады. Құжаттар 1 ақпанға дейін қабылданады», – дейді А.Ескендіров.
​Департамен басшысы ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке кіру тәртібінің оңтайландырылғанын да айта өтті. Артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілген.
​Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін бағалау әдістемесі өзгерген. Жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметшінің жұмысы «тиімді», «орташа» және «төмен» түрінде бағаланады, яғни бұдан былай «өте жақсы» деген баға қойылмайды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓