Қамданған қапы қалмайды
Қостанайда 1500 тұрғыны бар 400-ден астам үйді еріген қар суы шайып кетуі мүмкін. Қаупі басымырақ аймақтар қатарында "Қостанай-2", "Қонай" және "Дружба" тұрғын алаптары, сонымен қатар Тобыл, Пионер, Красный кузнец, Дачный, Юный боец көшелері бар.
Қала әкімдігінде өткен жиында баяндама жасаған ТЖБ басшысы Аслан Махмутов 1 қаңтардан бері 168 000 текше метр қар шығарылғанын мәлімдеді.
– Су тасқынына дайындық жұмыстары қажетті деңгейде жүргізіліп жатыр. "Қостанай-2" ауданындағы арықтардың арнасын 1-ден 4 метрге дейін, тереңдігін 1-ден 3-метрге дейің кеңейттік. Ең бастысы, қарды уақытылы шығарып отыру қажет, сонда қауіп сейіледі. Негізінен, су тасқыны жерасты суларының көтерілуінен болады. Қандай да бір оқыс оқиға бола қалған жағдайда бұл аймаққа инженерлік техника бекітілген, – деді басқарма басшысы.
Қала әкімі Марат Жүндібаев босаңсуға болмайтынын жеткізді. Қабылданған шараларға қарамастан, су тасқынына дайын болу керегін баса айтты.
– Жауын-шашын көп болды, коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір қыстың ортасы, көктемге дейін атқарылуы тиіс жұмыстар қыруар. Жағдайды күн сайын бақылауда ұстау керек, – деді әкім.
Басқарма басшысы төтенше жағдай туындаған кезеңде адамдарды эвакуациялауға 10 автобус және 1900 орынға арналған эвакуациялық пункттер дайындалғанын айтты. Сондай-ақ, адамдарды тамақтандыру үшін тиісті келісім-шарт жасалқан.
Ал, қала әкімі түскен қардың қалыңдығынан қауіптің бар екенін жасырмады, бірақ тұрғын үйлерді су басуға барынша жол бермейтінін атап өтті. Су басу қауіпі басым аймақтар қатарында "Береке" және "Юбилейный" аудандары мен Қостанайдың Индустиралды аймағы бар. Аталған аудандардың кәріз жүйелерінің жұмысы 2022 жылы аяқталуы керек болатын, алайда мердігер ұйым жұмысты кешіктірген көрінеді. Марат Жүндібаев мердігерге қатаң ескерту жасады.
– Бұл жұмыстарды келісім бойынша сіздің ұйым былтыр аяқтауы керек еді. Осы жылдың көктеміне дейін бітіріңіз. Әкімнің орынбасары және құрылыс бөлімі, жауапты боласыздар. Ертең аудан тұрғындары суға батса, жауап сіздерден сұралады. Уәде орындалады деген үміттемін, – деді қала әкімі.
Сералы Мырзабай