Жылу тарифі қымбаттайды
Қостанай облысында коммуналдық желілердің 60-70% тозған. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қостанай облысы бойынша департамент басшысы Ақан Ташпанов бұл апаттық жағдайға алып келуі әбден мүмкін дегенді айтады.
Президент тапсырмасына сәйкес департамент басшысы "Инвестиция орнына – тариф" бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.
– Осыған байланысты, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жаңа инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы пысықталуда. Желілердің жай-күйін және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында ҚР заңнамасында өзгерістер әзірленуде. Түзетулер шеңберінде "Табиғи монополиялар туралы" ҚР Заңының 22-бабына 3 өзгеріс енгізу ұсынылады, – дейді Ақан Ташпанов.
Облыстық Департамент басшысы бұрын бекітілген тарифтің қолдану мерзімі аяқталмаса да, оған өзгерістер енгізілетіндігін мәлімдеді.
– Қазіргі таңда біз тарифтің қаншаға көтерілетінін айта алмаймыз. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тозған желілер деңгейін кем дегенде 15% төмендету үшін қажетті инвестиция көлемін есептеудеміз, – деді ол.
Департамен басшысы жылумен жабдықтау бойынша тариф динамикасын алып қарайтын болсақ, 2023 жылға бекітілеген тариф, 2016 жылғы тариф құнынан төмен деген мәлімет беріп отыр.