Келісіп пішкен тон келте болмас
Бүгін облыс орталығында "Халық қатысатын бюджет" жобасына ұсыныстарды қабылдау басталды. Кәмелет жасына толған кез келген азамат қаланы абаттандыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты өздерінің жобаларын әзірлеп, оны Қостанай қаласы әкімінің ресми интернет-ресурсына жолдай алады.

"Халық қатысатын бюджет" жобасы 2020 жылдан бастап республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда және астанада іске асырылып келеді. Оның мақсаты – жергілікті бюджет қаражатын бөлу кезінде халықтың ауқымды қатысуын қамтамасыз ету. Іске асырылып жатқан «жобалар» және оларды қаржыландыруға арналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпарат интернет-ресурстарда жария етіледі. Жалпақ тілмен айтқанда, "Халық қатысатын бюджет" жобасының мазмұны "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген даналық сөзбен астасып жатыр. Халық көкейде жүрген жобасын ұсынады, билік көпшіліктің пікірін ескеріп, әдемі ұсынысты әрі қарай демеп жібереді. Ымыраласып, келісе отыра бастаған әрбір істе қайыр бар екені әуел бастан белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «халық қатысатын бюджет» табысты енгізілгенін атап өтті. Жолдау мәтінінде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – басым бағыттың бірі. «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек» делінген.


Былтыр "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында 2023 жылы жүзеге асыруға арналған 32 жобалық ұсыныс түскен. Оның 22-сі дауыс беру кезеңіне өтіп, 21-і биыл іске асырылмақшы. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 387,2 млн теңге қарастырылып отыр.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.