Марал бабаға құрмет
Өткен жылдың аяғында облысымыздағы көне ғибадат ордасы – Марал ишан мешіті бірнеше жыл үзілістен кейін қайта ашылып, мұсылман жамағаты зор қуанышқа кенеліп еді. Оған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келген болатын. Қазір жұртшылық Қостанайдың орталығындағы құлшылық үйіне барып, ғибадатын жалғастыруда.
Осы сүйінші хабардан кейін аймағымызға белгілі Таңжарықовтар әулеті алыс-жақынға сауын айтып, ел-жұрттың басын қосып, дін қайраткері, тәуелсіздік жолындағы күрескер, әулие Марал ишан Құрманұлының рухына ас беріп, дұға бағыштады. Келелі мәжіліске өңір ақсақалдары, ел ағалары, аудан-қалалардың имамдары, Марал бабаның Тобыл-Торғай, Қызылорда, Ақтөбе өңірлерінен ұрпақтары жиналды. Үлкендер жағы сөз алып, тілектестігін білдірді.
– 2016 жылы Марал ишан мешіті уақытша жабылды дегеннен мазамыз кете бастады. Мемлекет қорғауына алынып, «Қазақстанның киелі нысандары» тізіміне кіргізілген қасиетті орда музей болады деген әңгіме айтылды. Кейін күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін де екі жылдай жабық тұрды. Бірақ құдайға шүкір, Құмар Ақсақалов аймағымызға басшы болып келген аз күнде тарихи ордамыз қайта жаңғырып жатыр. Сол үшін облыс әкіміне, осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымыз айрықша. Әрине, әлі де аз-кем істелмеген жұмыстары бар, алдағы уақыт оны да жұмылған жұдырықтай болып атқарамыз деген сенімдемін, – деді ел ағасы Оралхан Таңжарықов.
Ас иелері алыстан келген баба ұрпақтарына шапан жауып құрмет көрсетсе, белгілі кәсіпкер Бақытжан Тілеубаев Марал ишан мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлына темір тұлпар мінгізді. Бектұрсын имам осы мешітке демеушілік жасап жүрген Оралхан ағамыз бен ізінен ерген Тұрсынбай Садуақасов, Бақытжан Нәменұлы, Серік, Қайрат Омаровтар, Құмар Қозыбаев, Болат Қарабаев, Ахметхан Ержанов бастаған жомарт азаматтарға алғысын білдірді.
Қыдырбек ҚИЫСХАН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.