Журналистика жампозы
Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада белгілі қаламгер, журналист, әдебиет сыншысы, «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбековпен кездесу өтті. «Сүбелі сөзбен сіңірген еңбек халқына» атты журфиксте жазушы еңбек жолы, шығармашылығы туралы сыр шертті.
Ол өмірінің қырық жылдай уақытын БАҚ саласына арнады. Өңір журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Облыстық «Қостанай» телеарнасының ашылуына атсалысқан тұлғалардың бірі. Соңғы он жылда «Қостанай таңы» газетін басқарды. Сөзі сүбелі, ойы орамды, қаламы қарымды жазушы. Тәжірибесі мол, айтары көп ағамыз өскелең буынға жүріп өткен өмір жолы, шығармашылығы мен қызметі туралы кең көсіліп баяндады. Журналистиканы тағдырына балап, арманының бастауы болған балалық шаққа ой жүгіртті.
«Біздің кезімізде кітап оқуға деген айрықша құштарлық болды. Соның әсерінен әдебиетке, журналистикаға құмартып өстік. 5-сыныптан-ақ алғашқы өлеңдерім, мақалаларым республикалық басылымдарға шыға бастады. 6-сыныпта оқып жүргенімде Фариза Оңғарсыновадан хат алғаным есімде. «Жазған-сызғандарыңды оқып жүрміз. Белсенді тілшілігіңді ескере отырып, біз саған «Артек» лагеріне жолдама береміз» деп жазылыпты. Мәз болдым. Ол балалар үшін Меккеге барып келгенмен бірдей еді. Сол жолдамамды аудан басшыларының өз балаларына тартып алып бермек болғаны бар. Оны біліп қалған ағам бірден Фаризаға қоңырау шалып, араша түсуін сұрады. Ол кісі араласып, тиесілі жолдамамды қайтарып берді. Бұл журналистикадағы талпынысымның ең алғашқы жемісі мен жеңісі еді», – деді Жанұзақ Аязбекұлы.
Одан әрі қызмет барысында басынан өткерген қызықты, ұмытылмас оқиғаларды есіне түсірді. Осы саланың кешегісі мен бүгінін салыстырып, заманауи өзгерістер туралы ой-толғамдарын айтты. Оның қызығы мен қиындығы, беделі мен қадірі жөнінде сөз қозғады.
«Журналистер көп, бірақ өзін тапқандар аз. Шын бағасын білген адамға бұл өте күрделі мамандық. Әр саланың басын бір шалып, бетін қалқып жұмыс істейтін тілшіні толыққанды журналист деу қате. Мен 30 жыл телевизияда істедім. Осы уақыт бедерінде көптеген мықты шәкірттерім шықты. Алды республикада танымал, шетінен мықты. Соны мақтаныш тұтамын», – деп толғанды ол.
Оның журналистикалық қызметінен бөлек, публицистикалық, әдеби еңбектері өз алдына бір төбе. "Ағайынның арасы", "Кие мен ие", "Тіршіліктің сауалы", "Бальзак неге жылады?", "Ел сөзі" атты кітаптары бар. Бәрі – оқырманнан шынайы бағасын алған еңбектер. Республикалық, халықаралық марапатқа ие болған туындылары да бар.
«Өзіңнің жаныңды салып істеген еңбегіңнің бағасын көру деген зор бақыт. Журналистік қызметім үшін алған марапаттарым бір басқа, бірақ төрт жыл толғатып жазған «Бальзак неге жылады?» атты сыни еңбегіме берілген «Алаш» сыйлығының жөні бөлек», – дейді Ж.Аязбеков.
Кездесу барысында қаламгердің бір шығармасы таңдап алынып, зерделі оқушылар арасында қызықты ойын да ойнатылды. Іс-шараға арнайы келген өңірге белгілі зиялы қауым қаламдас, замандасқа шынайы лебіздерін арнады. Ғасыр жасаған қарт қаламгер Қасымхан Алдабергенов, танымал ақындар – Серікбай Оспанов пен Ақылбек Шаяхмет және басқалар Жанұзақ Аязбекұлы туралы пікір бөлісіп, тілектерін жолдады. Кездесу соңында Аллахверди Гусейнов атты кітапхана оқырманының демеушілігімен Жанұзақ ағамызға сый-сияпат тарту етілді. Көрермендер қаламгердің шығармашылық көрмесін тамашалап, автормен естелік суретке түсті.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ