Үшем дүниеге келді

Меңдіқара ауданында алғаш рет үшем дүниеге келді. Нәрестелердің есімдері – Николай, Евгений және Виолетта. Осылайша, меңдіқаралық Петровтар көп балалы отбасылар қатарына қосылып, 7 баланың ата-анасына айналды.8 қаңтарда түнде Меңдіқара ауданы Қарқын ауылының тұрғыны Алена Петрова мерзімінен бұрын босанды. Жүктілік мерзімі – 34 апта. Жұбайы толғақ қысқан сәтте абдырап қалып, жедел жәрдем шақырмай, аяғы ауыр әйелін аудан орталығына досының көлігімен алып барған.
"Қызметкерлер, әрине, қабылдау бөлмесінде ер адам: " Босанып жатыр. Үшем " – деп айқай салғанда таңданып қалды, – дейді Меңдіқара ОАА бас дәрігері Рудава Жакина. – Бригада жедел жұмысқа кірісті. Әйел мерзімінен бұрын, өздігінен босанды. Акушер-гинеколог Ләйла Сарбасова, педиатр-неонатолог Кристина Койбийчук және акушер Руслан Қорғанбаев қызмет көрсетті. Таңғы сағат 6-да 2 ұл ( салмағы 2070 гр және 1860 гр) және 1 қыз (1680 гр) дүниеге келді.  Сәбилердің денсаулықтары жақсы. Қажетті процедуралар мен манипуляциялар жасалғаннан кейін олар бірден күтім жасау үшін кювездерге орналастырылды". 
Жағдай тұрақтанғаннан кейін, бір тәуліктен соң нәрестелер санитарлық авиация желісі арқылы Қостанайға облыстық аурухананың перинаталдық орталығына емдеуге жіберілген. Ер балалар бірден бөлімге жатқызылыпты, қыз екі күн жан сақтау бөлімінде болған. 
"Мен әуел баста балаларды Қостанайға жіберген кезде реніш білдірдім. Ол сәтте Меңдіқарада дәрігерлердің бақылауында болдым. Бірақ бәрі маған мәселенің жай-жапсарын түсіндірді, мұның мәжбүрлі шара екеніне сендірді. Кейін оларды қолыма алған кезде ғана тынышталдым. Қазір мен бәрінің жақсы болатынына сенімдімін. Дәрігерлерге, акушерлерге, медбикелерге, жалпы аудандық және облыстық аурухана қызметкерлеріне рахмет.імді айтамын. Балаларымның өмірін сақтап қалғандары үшін алғысым зор.  Басында оларға қауіп төнгенін түсінемін. Әлі де қамқорлық жасалып, көмек көрсетіліп жатыр", – дейді Алена көз жасын жасыра алмай. 
Аман-есен жаны қалған көп балалы ана қазір қуанышын жасыра алмай отыр. 
"Әрине, отбасымызбен ерекше қуаныштымыз. Балаларым да үйде бөпелерін күтіп отыр. Үлкен ұлым ержеткен, бөлек тұрады. Қалғандары өзімізбен бірге. Олар қолғанатымыз. Құрбым да көмектесіп жатыр.  Не де болса, қиын сәттердің бәрі артта қалды. Құдайға шүкір, жеке үйіміз бар. 2 бөлмелі болса да, ең бастысы, өзіміздікі. Жайлы, жылы, балалар іш киіммен жүреді.  Шаруашылық жоқ, бірақ жеке кәсіп бастағалы отырмыз. Қазірдің өзінде қоян сатып алдық. Иелігімізде көкөніс бақшасы бар. Бірақ әзірге алма ағашы ғана өсіп тұр. Жолдасым отбасының қамқоры. Балаларға үнемі таңсық ас, жеміс-жидек сатып алады. Бұйыртса, алдағы уақытта өзіміздің бақшаның да мәуесін көрерміз. Ендігі тілек – айығып алу. Салмақ қоссақ, үйге шығамыз!" – дейді үшемнің анасы.
Облыстық аурухананың перинаталдық орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі Игорь Бойконың айтуынша, балалардың дамуы жақсы, күн санап салмақ қосу үстінде, қажетті терапия алып жатыр.
"Олар әлі де әл жинай түсуі керек, әсіресе қыз әлжуаз. Содан кейін ғана үшемді емханадан шығару туралы шешім қабылдаймыз", – деп отыр дәрігер.
Петровтардың емдеуші дәрігері Әсет Өтегенов те сәбилердің жағдайы бір қалыпты екенін айтты. Бірақ шала туған нәрестелерге тән белгілі бір проблемалар да жоқ емес.
"Біз оларды жіті бақылауда ұстап, терапия және күтім жасап жатырмыз. Қазір денсаулықтарына елеулі қауіп төніп тұрған жоқ. Олардың анасына да ем-дом қажет", – дейді Ә.Өтегенов. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓