Көпқабатты үй жеті айдан бері көгілдір отынсыз отыр

Шаһардағы КСК шағын ауданында мемлекеттік «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған он қабатты тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Ол аздай, көп қабатты тұрғын үйге көгілдір отын да тартылмаған. Жеті ай өтпей жатып, кейбір пәтерлердің сылағы түсіп жатыр. Құбыры тартылып, бәрі дайын тұрса да, көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін газсыз отыр. Осы мәселенің мәнісіне үңіліп көрген болатынбыз.
SAM_2507«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші қаладағы КСК шағын ауданындағы Қайырбеков көшесі 371-де 1-ші үйдің қасында да осындай «бейресми» жиналыстар жиі болады. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған ғимарат биыл наурыз айының аяғында берілген еді. Негізі, 126 пәтерлі үйдің бәріне газ құбыры өтіп тұр. Бірақ, арнайы комиссия мемлекеттік актімен қабылдап алған ғимаратты, газ өткізуші мердігер компания бірнеше мәрте тексеріп, талапқа сай келмейді деп тапқан. Олардың айтуынша, асүйдің терезесі айқара емес, шалқасынан, яғни күрделі ашылатын болуы керек. Тұрғындар мұны да орындаған.
Ғалымжан Шәріпов, тұрғын:SAM_2503
-Газ жоқ. Тамақты тоқ плитаға істейміз. Күрделі ашылатын терезе керек деген соң, оны да ауыстырдық. Білмеймін енді қашан көгілдір отын беретінін,- деп қамығады пәтер иесі.
Жаңа пәтер алдық деген аты ғана деп назаланады Дина есімді келіншек:
– Барлығын қайта жаңартуға тура келді. Себебі еденге төселген линолиум, тұсқағаздары сапасыз. Қайтадан ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді аяқтап қалдық.
Жарты жыл бұрын қоныстанған Сағымжан Рысаевтың жаңа баспанасының сиқы осы. Тоғызыншы қабатта тұратын тұрғынның бөлмелерінің төбесі қақыраған. Жапсырған тұсқағаздардың шеті көтеріліп жатыр. Есік жақтаулары өздігінен опырылып құлап түсіпті. 
SAM_2487Сағымжан Рысаев:
-Сәуір айында қоныстандық. Үйіміздің түрі осындай. Сылықтары түсіп жатыр. Оң және сол жақ төбесі де. Едені ойқы-шойқы. Салған компанияға хабарласқан едік, бүгін-ертең келіп жөндейміз дейді. Көшіп келгеннен бері газ да жоқ. Тамақты тоқ плитаға пісіреміз. Айына 4-5 мың теңге жарыққа төлейміз.
Жеті ай бұрын тапсырылған үйдің оныншы қабатында құрылыс әлі жүріп жатыр. Өйткені, 2009 жылы 9 қабатты деп құжаты жасалған ғимаратқа тағы бір қабат қосылған. Құрылысты жүргізген мердігерлер бұл қадамға шығынды жабу үшін бардық деген уәж айтады.
Құрылыс фирмасының заңгері Евгений Курганбаев былай деп ақталады:
-Пәтерлердің асүйлерінде күрделі ашылатын терезелер орнатылмаған. Жобада ондай қарастырылмаған. Бұл біздің қателігіміз деп айта алмаймын. Және әдейі тұрғындардың мойына артып қойдық деуге де келмес. Осындай талап бар екенін нысанды тапсырғаннан кейін бір-ақ білдік.
Бұл жөнінде Қостанай қалалық әкімдігінің бас инспекторы Самат Жандильдинге хабарласып, төмендегідей жауап алдық:
-ҚазТрансГазАймақ АҚ тарапынан құрылған комиссия сол үйге газ беру мәселесі бойынша дүйсенбіде жасалған жұмысты қабылдау туралы актге қол қойып, газды қосу жұмыстарына кіріседі деп күтілуде. Оған технология бойынша 5-7 күн кетеді екен. Бірақ олар бұл уақытты мейлінше қысқартуға мүдделі. Өйткені күн суытып бара жатыр. Тұрғындарға неғұрлым жағдай жасау үшін барлық тексеру жұмыстарын жүргізген соң қабылдау актісінен кейін 2-3 күнде жұмысты бітіреміз деп межелеп отыр.
           
 Шұға Қоңқабай

 

You may also like...

2 Responses

  1. Әсем айтты:

    Тұрғындарға жаның ашиды. 5-6 жыл бойы "Тұрғынүйқұрылысжинақ" банкіне бәлен мыңдап ақша жинайды. Зарығып жүріп алған баспананың түрі мынау. Не газ жоқ, не тағы коммуналдық желілері дұрыс орнатылмаған. Тілші осы мәселені дөп басып көрсеткен. Осындай әлеуметтік саласына көбірек назар аударсаңыздар екен! Берілген үйлердің сапасы да сын көтермейді.

  2. алтын айтты:

    Тілшінің көтерген мәселесі орынды. Әрине, КСК шағын ауданының күннен күнге көркейіп келе жатқанына өте қуаныштымыз.  Кезінде үйлерді бірнеше жылдап салушы еді. Бүгінде көзді ашып-жұмғанша үйлер  көтеріліп шыға келеді. Менің ойымша, үйді салып жатқан мердігерлер, мүдделі адамдар тек өз қалталарын ойлайды. Себебі, "жаңа үйлер" сапа жағынан сын көтермейді. Қолданылып жатқан материалдары да өте арзан, сапасыз, "сырты бүтін, іші түтін". Өзгелерді білмеймін, өзім "жаңа үйден"  пәтер алуға талпынбаймын. Үйді қабылдауға беру кезінде , жауапты тұлғалар қайда қарайды екен? Әлеуметтік мәселелерді жиі көтеріп тұрсаңыздар, одан "тиісті органдар" қорытынды шығарса, нұр үстіне нұр жауар еді.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓