Жұмыс жәрмеңкесі өтті
Арқалықта «Еңбек» бағдарламасы және ұлттық Кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 24 жұмыс беруші қатысып, қала кәсіпорындарынан 160 бос жұмыс орны ұсынылды.

Елді еңбекке тартқан елеулі іс-шараға қала әкімі Әмірхан Асанов өзі бас болып қатысып, тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

«Бос орындар жәрмеңкесінің басты мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің мүдделерін біріктіру. Қазір әлемде жұмыс беру мәселесі өзекті саналады. Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесі жұмыс берушілерге жұмыс іздеушілермен бетпе-бет кездесіп, әңгімелесуге және өздеріндегі бос жұмыс орындарын толтыруға мүмкіндік береді», – деді Әмірхан Біркенұлы шараның ашылуында сөйлеген сөзінде.



"Қала әкімінің басшылығымен өткен бүгінгі жұмыс жәрмеңкесіне 200-ден астам адам келді. Нәтижесінде 50-ге тарта адам бос жұмыс орындарын тауып, өздері қалаған белгілі бір кәсіппен айналысатын болды. Бүгінгі таңда қала бойынша 347 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп тұр. Жұмыссыздар қатарын елеулі түрде қысқартатын мұндай жан-жақты тиімді іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Әлия Төлегенова.

Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор