Премьер-Министр: Елді мекендер маңындағы жерлерді қайтарып алу маңызды
Өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды, оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жайылымдық жермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе. Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұл жұмыстарға Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берген.
«Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Биыл тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда елді мекендер маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елді мекендер маңында жайылым жерлерінің аз болуы жеке қолдағы мал басының өсуіне шектеу қойып отыр. Сондықтан жайылымдарды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау қажет», – деді Ә. Смайылов.