Биыл шыршалар кәдеге жаратыла ма?
Көптен күткен жаңа жылды төрімізге шығарып, көзді ашып-жұмғанша ескіше жаңа жылды да өткеріп салдық. Қала тұрғындары жылдағы әдетпен сәндік үшін қойылған әсем безендірулерді жиыстырып, табиғи шыршаларды далаға тастап жатыр.
Бұрын қоқысқа тасталған шыршаларды жинауға экоеріктілер жұмылдырылатын. Олар шырша кесінділерін шаруашылықтарға, мал азығына қоспа дайындауға, қалған бөлігін ағаш өңдеумен айналысатын өндіріс орындарына таратып беретін еді. Белсенді топ мүшелерінің бірі, NECO экологиялық клубының төрағасы Наурызбек Бірмағанбетов биылдан бастап мұнымен айналыспайтындарын айтады.
"Алдыңғы жылы мың жарымға жуық, былтыр екі мың шырша кесінділерін жинағанбыз. Биылдан бастап бұл шараны қолға алу біздің құзырымызда емес", – деді ол.
"Осы істермен енді қандай мекеме айналысуы керек?" деген сауалмен қала әкімдігіне хабарластық.
"Шыршаларды утилизацияға жіберу ешқандай мекеменің құзырына нақты берілген жоқ. Оларды арнайы қоқыс жәшіктерінен "Тазалық -2012" ұйымының қызметкерлері жинап алып, полигондарға тастап жатыр", -дейді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов.
Алдағы уақытта бұл шыршаларды қайта кәдеге жарату кімдердің құзырында екені әзірге белгісіз.
Айбек Ғалымұлы
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.