Міржақып киген тайжақы
Астанадағы Ұлттық музейдің төрін толтырып тұрған бір құнды жәдігер бар. Ол – Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының тайжақысы. Бұл жәдігерді айтулы тұлғаның қызы Гүлнәр Дулатова 2009 жылы бұрынғы Президент мәдениет орталығына тапсырған.
Тайжақы деп тай терісінен тігілген қаптал тонды айтады. Бұл түркі халықтарының ежелден келе жатқан сырт киімі саналады. Міржақып атамыз бұл тайжақыны 1925 жылы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде ұлты еврей тігіншіге тапсырыс беріп тіккізген. Содан оны 1928 жылы бір топ қазақ зиялыларымен қамауға алынғанға дейін үстінен тастамай киіп жүріпті. Одан кейін бағалы тонды Алаш арысының жары Ғайнижамал Дулатова 1940 жылға дейін ешкімге көрсетпей, көзінің қарашығындай сақтап, қызы Гүлнәрға аманат етіп қалдырған. Ал бүгінгі ұрпаққа оны тектінің тұяғы, марқұм Гүлнәр Міржақыпқызы жеткізді.
– Әкем қамауға алынған 1928 жылдан бастап санасақ, біздің шаңырағымызда бұл тайжақы сексен жыл сақталды. Осы асыл киімнің қадірін жас кезімізде онша білген жоқпын. Қазір әкемнің исі сіңген, рухы аялаған отбасылық жәдігерімізді қимай, бір жағынан, мұңайып та тұрған жайым бар. Бірақ халқының ардақтысы Міржақыптың тайжақысы енді ел игілігіне айналып, өзі армандаған тәуелсіз мемлекетінің ең мәртебелі мұражайының төрінен орын алатынына қуаныштымын, – деп әкесінің қымбат дүниесін музейге тапсырарда Гүлнәр апа көзіне жас алыпты.
Бірегей жәдігерді сол кездегі Президент мәдениет орталығының бас қор сақтаушысы Бибінұр Санақұлова қабылдап алып, Гүлнәр апаға орталық директоры, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің алғысхаты мен арнайы соқтырған күміс білезігін сыйлаған. Сондай-ақ көрнекті қайраткердің қызы музейге әкесінің Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмағали Тілеулин және Мұхтар Мурзинмен жазысқан хаттары мен құжаттарын, суреттерін тапсырған.
Гүлнәр апамызға әкесінің қадірлеп киген сырт киімін музейге өткізу оңай болмағанын мына бір хаттан байқаймыз. 2010 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында ол кісі Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауинге жолдаған хатында сол сәттегі көңілі мен толқынысын әсерлі баяндапты.
«Аса қымбатты бауырым Мұхтар!
Ар ма?
22.04.09. Прагадан жолдаған мақалаң қолыма тиісімен бас көтерместен бір деммен оқып шықтым. Қатты қуанған халімді айтып жеткізе алмаймын. Шын жүректен ризамын саған.
…Биыл 23.04.09 күні өткен жаңалыққа көңіл бөлейін: Қадірлі әкем Міржақыптың киген, қолымда 80 жыл сақтап келген тайжақысын Мырзатай Жолдасбеков басшылық ететін Астанадағы Президенттік мәдени орталыққа сыйлыққа бергенім. Бұл үлкен сенсация болды. Радиодан берілді, теледидарға түсірілді, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі келді, журналистер тобы жиналды. Беретін сыйлығымды қабылдау миссиясымен келген музейдің бас қор сақтаушысы Б.Санақұлованың толтырған актісіне қолымды қойып, М.Дулатов әкемнің тайжақысын табыс еттім. Ол минуттағы кешкен халімді айтпай-ақ қояйын, жеңіл тиген жоқ. Бірақ мені жұбатарлық әсер еткен, М.Жолдасбековтің маған жазған Алғысхаты еді. Онда былай деген сөздерін қысқартып келтірейін: «Абылай ханның алтын зерлі қамқа тоны, Балуан Шолақтың кемер белдігі секілді құнды мұралармен бірге Орталық төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады!…» Алдағы уақытта Міржақыптың тайжақысы Абылай ханның қамқа тонымен қатар музейдің төрінде ілулі тұрса, бұдан артық қандай құрмет-сый болушы еді?! Қуанам. Мақтанам…Құшақтап сүйдім, Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова».
Қысқасы, Ұлттық музейдегі бағалы жәдігерлер қатарынан орын алған Міржақып Дулатұлының тайжақысы – Алаш арысының көзі ғана емес, тәуелсіздік мұраты жолында басын бәйгеге тіккен ардақтыларымыз өмір сүрген дәуірден сыр шертіп тұр.
Азамат Есенжол