Адам бейнесіндегі балбалтас
Қостанай облысында шамамен 1000 жыл бойы сақталған жауынгер бейнеленген тас мүсін табылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балбалтасты Денисов ауданы Покров ауылының тұрғыны Сергей Стяжкин мал бағып жүргенде тауып алған. Ол қылыш ұстаған жауынгер бейнеленген тас мүсінді аудандық мұражайға тапсырды.
«Балбалтас жартылай құмға көміліп жатты. Бастапқыда мән бермедім. Кейін анықтап қарағанда батырдың бейнесін байқадым. Жалғыз өзім көтеруге шамам жетпеген соң ауылдастарымды шақырып, қыр үстіне шығарып қойдық», – дейді шаруа.
Көп ұзамай көне жәдігер аудандық мұражайға жеткізілді. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мүсін табылған аумақта бұған дейін археологиялық қазба жүргізілмеген.
«Мүсін жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Шамамен, 1000 жылдық тарихы бар тас мүсінде батырдың бейнесі қашап салынған. Тас мүсіннің бас жағы сынып қалған. Батырдың оң қолына қылыш сабын ұстағанын байқауға болады. Теріс бетінде руна жазуына ұқсайтын белгілер бар. Басқа да айрықша белгілер туралы ғалымдар нақты ақпарат беретін болады», – деді музей қызметкерлері.
Батыр мүсіні қазір Денисов аудандық өлкетану мұражайында тұр. Оны талапқа сай орнату үшін арнайы тұғыр жасауға тапсырыс берілген.