Аймақтан қандай хабар бар?

Сапа сын көтермейді
Облыста. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыста былтыр жөнделген жолдарды тексеру нәтижесін шығарды. 29 мың шаршы метр жол жабыны талапқа сай келмейтіні анықталды. Қарабалық ауданы мен Рудный қаласындағы жолдар сапасыз салынған. Мердігер компаниялар 270 млн теңге төлеуге міндеттелді.
 
Қоқыс кәдеге жарайды
Жітіқара. «Соцсервис» ЖШС тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында қоқыс сұрыптайтын желі іске қосылды. Ол айына 140 тонна қоқыс іріктеуге қауқарлы. Полигонды электрмен қамту үшін 2 шақырымдай жерге желі жүргізілген. Жаңа цехте сұрыпталған қалдық заттар қайта өңдеуге жіберіліп отырады.
 
Бірлік белгісі
Қарабалық. Аудандық Ардагерлер кеңесі мүшелері ерекше акция өткізді. Олар тұрғындарды ірі техникалар өте алмайтын аулаларды, саябақтарды, қоғамдық орындарды қардан тазалауға шақырды. Қарабалықтықтар да дереу жинала қойып, бірлікті іске білек сыбана кіріскен. Мекеме-ұжым, кәсіпорын қызметкерлері және мектеп оқушыларына дейін қолға күрек алып, ортақ үйлеріне деген жанашырлықтарын көрсетті.
 
Қар құрсауынан құтқарылды
Рудный. Денисов ауданы аумағына балық аулауға барған рудныйлық екі тұрғын айдалада бейнетке тап болды. Олар мінген көлік омбы қарға батып қалған. Құтқарушыларға өздері тұрған жерді де түсіндіріп айта алмапты.  Бұл іздеу шараларын қиындатқан. Олар таң алдында Тобыл өзені жағасынан 1,5 шақырым қашықтықтан табылды. Әбден тоңып-жаураған балықшылар Перелески ауылына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
 
Бағдарлама шапағаты тимек
Б.Майлин. Биыл Әйет ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл жобаға бюджеттен 437 млн теңге бөлінген. Жаңа нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы жылы Береговой ауылының мектебі және көшелері жөндеуден өтпек. Юбилейный, Новоильинов ауылдарының көшелері де жаңартылады. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓