Кеден одағының жаңа техрегламенті талапқа сай ма?
Қазақстандық стандарттау және сертификациялау институты "Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы" Кеден одағының техникалық регламенттің жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Өртке қарсы нормалау бөлімінің бастығы Д.Г.Шилко Кеден одағы техрегламентінің талаптарына сәйкес болуын міндетті түрде растауға жататын өрт қауіпсіздік және өрт сөндіру құралдарының тізбесіне жататын өнімдердің атауына қатысты 20 тармаққа толықтыру енгізу бойынша ұсыныс енгізді.
Ал подполковник Е.Ақдәулетов регламенттегі қолданылған терминдердің көбісі Ресей Федерациясының заңнамасынан алынған, демек, олар Қазақстанда қолданылмайды да, мағынасы бейтаныс болатынын айтты. Мұндай ақаулар өртке қарсы қызметі атауында, сондай-ақ, техрегалментте қолданылатын бастапқы өрт сөндіру құралдарының анықтауларында кездеседі. Кездесу барысында өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері қауіпсіздік техникасын жақсарту және өрт сөндіру-техникалық қару-жарақтар мен жабдықтардың өлшемдерін нақтылау бойынша ұсыныстар енгізді.
Ресей сарапшылары жасап шығарған жаңа талаптар кеден одағы қатысушыларының барлығына ортақ болуы тиіс. Сонымен қатар, қазақстандықтардың тарапынан Кеден одағының толық мүшесі ретінде жаңа заңнамалық актіде ақауларға жол бермеу үшін қаралып жатқан құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Жаңа техрегламент 2015 жылдан бастап заңды күшіне енеді.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА