“Алтын кітап” жастарының турнирі
"Ел ертеңі" жастар қоғамдық бірлестігі мен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен "Сұңқар" спорт клубында Қостанай облысы жастарының "Алтын кітап" лауреаттары мен үміткерлерінің арасында шағын футболдан жарыс өтті.
Бұл игі шараның ұйымдастырылуының басты мақсаты – ел болашағы жастарды отан-сүйгіштік рухта тәрбиелеу мен салауатты өмірді қалыптастыру еді.
Жарыс әп дегеннен қызу басталды. Үміткерлерден жинақталған құрама айналдырған 3 минуттың ішінде қарсыластарына 2 доп соғып алға шықты. Көрермендер "Алтын кітапқа" үміткерлердің "ойын өрнегі дәл осылай жалғаса беретін болса, есеп бұдан әрі еселей бере-ді-ау" деп жобалап та қойды. Бірақ, "Алтын кітап" иегерлері тез арада ес жиып, есепті теңестіріп қана қоймай алға шығып үлгерді. Ойын тіпті, ширыға түсті. Алма-кезек шабуылдар-ға шыққан қос команда 1 таймды 4-4 есебімен тең өткізді.
Үміткерлер тобы өңшең жас-тар екен. Әбден доп қуалап небір әдіс-тәсілдерге машыққан жандар. Кәдімгідей допты ұршықша иіріп ала жөнеледі. Біз мұны екінші таймда анық байқадық. Екінші тыныстары ашылған олар әбден шаршаған тәжірибесіз команданы ірі есеппен ұтып, жарыстың жеңімпазы атанды. Жарысты ұйымдас-тырушы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Тимур Шукенов егер "Алтын кітап" иегерлерінің құрамында Нұрбол Жұмасқалиев ойнағанда қарсылас команданың сөзсіз жеңілетіні айқын еді дегендей әзіл айтып:
– Сонда да бұл жарыс өте тартысты өтті. Жеңілген команданың қаншама гол соғатын сәттері уыстан шығып кетті. Бірақ олар тайсалмай, қаймықпай ойнап іздерін басқан үміткерлерге жол берді десе де болады, – деп екі жақтың да ойын мәнеріне ризашылық танытты. Бұл бастаманың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ