ІЛКІМДІ ЖОБА АЗ
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бүгін Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Ұзынкөл, Федоров ауданы әкімдерінің инвестициялық жобалар, тұрғын үй құрылысы және жолдарды жөндеуге қатысты түзген есептерін сынға алды.


– Сіздер ангарлар мен таразыдан өзге көрсететін ештеңе таппадыңыздар ма? Кәсіпкерлер оны өндіріске қажет болғасын салып жатыр. Оған әкімдіктің қандай қатысы бар? Мұны инвестициялық жобаларға телу өте ұят нәрсе. Бұл таза бизнестің еңбегі. Мемлекет құрылысқа рұқсат береді, жер бөледі болды. Одан арғыға сіздердің қатыстарыңыз шамалы. Одан да ауылды дамыту үшін не істеуіміз керек, соны айтыңыздар,- деді облыс әкімі.


-Мен өткен жолы да айттым, ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз қарамағындағы жұмыскерлерді тұрғын үймен қамтуы тиіс. Қостанай, Ұзынкөл, Меңдіқара, Сарыкөл, Федоров аудандарының әлеуеті зор емес пе?! Жері шұрайлы, топырағы құнарлы. Егін де бітік шығады, мал да өсіруге болады. Ал сіздер соны кәдеге жарата алмай отырсыздар. Әр шаруашылық жетекшісі тапқан табысын елмен бөлісетін кез келді. Ауылға үй сал, жолын жөндеп бер. Сонда ғана еңбегің өтеледі,-деді облыс әкімі.
Ол жақын арада аудандарға сапары кезінде жергілікті жерде не істеліп жатқанын өз көзімен көріп, олармен егжей-тегжейлі танысатындығын айтты. Қ.Ақсақалов облыс деңгейінде ұсынылған барлық инвестициялық жобаның жүзеге асуын әкімдерден қатаң түрде сұрайтынын ескертті. Енді келесі аптада өңір басшысы төрт қала әкімінің есебін тыңдап, содан кейін облыс өнеркәсібін дамыту жөнінде кеңес өткізетіндігін мәлімдеді. Толығырақ «Қостанай таңының» кезекті санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.