Ақырын жүріп, анық басқан… Жазушы, журналист Байтұрсын Ілиясқа ескерткіш тақта ашылды

IMG_1968Қазақ журналистикасы мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды журналист, жазушы Байтұрсын Ілиястың көзі тірісінде өмір сүрген үйіне ескерткіш тақта қойылды. Оған жазушының балалары мен туған-туыстары, замандастары мен қаламдас жолдас-жоралары, шәкірттері қатысты.
Есімі тек Тобыл өңіріне ғана емес, елімізге де кеңінен танымал болған Б.Ілияс алғашқы еңбек жолын Қарағанды облыстық "Орталық Қазақстан" газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған. Ал, 1966 жылы республикалық "Лениншіл Жас", қазіргі "Жас Алаш" газетінің солтүстік өңірдегі тілшісі  болып  журналистік қызметін жалғастырады. 1972 жылы еліміздің бас басылымы – "Егемен Қазақстан" газетіне шақырылып, содан өмірінің соңынан дейін, яғни, 2003 жылға дейін осы газетте қызмет істеді. Аттай қырық жыл тілшілік қызметінде ол Қостанай өңірінің тыныс-тіршілігімен қатар, тұрғындарды толғандырған мәселелерді, қарапайым еңбек адамдарының бейнесі мен талай тағдырлардың тіршілігін құр баяндап қана қоймай, IMG_1949көп өтініштер мен проблемалардың шешілуіне де оң ықпалын тигізді. Қаламы қарымды журналистің көптеген дүниелері жеке кітап болып та шығарылды. Сондай-ақ, ұлт көсемі, алаш ардақтысы А.Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі жайлы зерттеген дүниелері де  "Алтын бесік" деген атпен кітап болып жарыққа шықты. Бәкеңнің жазушылықтан бөтен тағы бір қыры – ол ақындығы. Бұған "Патша көңіл" жыр жинағындағы өлең-жырлары да дәлел. Оның ұстаздығы да өзінше бір төбе еді. Бүгінде ол тәрбиелеген шәкірттер республика, облыс көлеміндегі бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқаруда…
Мемориалдық  тақтаның ашылуына жиналған зиялы қауым өкілдері де жаны жайсаң, жүзі жарқын, ақырын жүріп, анық басатын абзал ағаның бейнесі мен кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері туралы айтып, тебірене еске алды.
"Бәкең қаламы жүйрік журналист болатын"
IMG_1935Көзден кетсе де, көңілден кетпеген ғазиз жанның журналистік жолына тоқталған облысқа белгілі этнограф, журналист Қуаныш Орманов осылай деп еске алды.
– Мен Бәкеңмен 1962 жылдан бері таныспын. Ол кезде ол студент, мен қатардағы қарапайым жұмысшы болатынмын. Сол байланысымыз ол өмірден өткенше үзілген жоқ. Елді сүю, халықты сүю, еңбек адамының еңбегін барынша көрсете білуді мен сол Байтұрсыннан үйрендім деп айта аламын. Бүгінде облыста ғана емес, еліміздің көп жерінде Байтұрсындай елдің мұңын, жоғын жоқтап, батыл қалам тербейтін журналистер некен-саяқ. Жалпы, көп жағдайда журналистердің еңбегіне басшылар көңіл бөле бермейді ғой. Сондықтан, Байтұрсындай журналистің еңбегін елеп, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта қоюға рұқсат еткен, соған себепші болған облыстың, қаланың басшыларына ризашылығымызды білдіреміз.
"Қостанайлық қазақ журналистерінің көшбасшысы еді"
IMG_1946Мұнан кейін сөз алған өзіміздің "Қостанай таңы" газеті бас редакторының орынбасары Сәлім Меңдібай Б.Ілиястың барлық жанрда қалам тербей алған қаламы жүйрік журналист, ойы терең жазушы болғандығын да ерекше атап өтті.
– Бәкең ағамыз ғажап адам еді. Оның ең басты байлығы – мінезі болатын. Жарықтық, есіліп тұрған жігіт еді ғой. Өз ісіне тиянақтылығы сондай, жазған мақаласына бір үтір қойылмаса, ешқайда ұсынбайтын. Бәкең осы Қостанай облысындағы қазақ журналистерінің атасы еді. Қазақ журналистерінің Калинині. Біз де ол кісіден көп дүниені үйрендік. Бүгінгі мынау ескерткіш белгі ол Бәкеңе ғана емес, дүниеден өткен  бүкіл  қазақ  журналистеріне қойылған белгі деп есептеуіміз керек.
"Болашақ журналистер Бәкеңді біліп жүруі керек"
IMG_1956Байтұрсын Ілияспен талай дәмдес болған қаламдас інілерінің бірі ақын Нағашыбай Мұқатов та жазушының адамгершілігіне, қарапайымдылығына, журналистік шеберлігіне тоқталды.
– Бәкең республикаға танымал журналист болды. Шын мәнінде кейінгі жас буынға өнеге, үлгі көрсетті. Әрине, бүгінгі тақтаның ашылып жатқандығына өте қуаныштымыз, дегенмен тек тақтамен ғана шектелмей, Байтұрсын Ілиястың ісін, қызметін, тәжірибесін насихаттау, еске алу, жас журналистерге үйрету бағытында өзі қалап кеткен журналистика кафедрасы ішінен бір дәрісхана ашуымыз керек.
"Айналасына шуағын шашып жүретін"
IMG_1942Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сонау тоқсан сегізінші жылдары Байтұрсын Ілиястың өзі басқарған "Ақжол" экспедициясының құрамында бірге  болып,  Бәкеңнің  асыл  қа-сиеттеріне қанық болған үзеңгілес  інілерінің  бірі Ибраһим Ағытаев та ағынан жарылды.
– Бәкеңнің еңбегі өлшеусіз ғой. 1998 жылы А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына орай осы ғылыми сапарларының нәтижесінде "Алтын бесік" кітабы да жарық көрді.  Осы сапарларда табылған тың деректер жайлы кезінде біздің облыстық "Қостанай таңы" газеті үш-төрт ай бойы үзбей жариялап отырды. Ағаның ең бір керемет қасиеті ол – қарапайымдылығы. Торғай еліне әр барған сайын сондағы өзінің жақын-жуықтарына базарлықсыз бас сұқпайтын. Жақын мен алысты бірдей көретін ол кісінің тек туыс-туғандарына ғана емес, қаншама жанға да шарапаты тиді. Көңілінің, пейілінің дарқандығы шексіз еді.
Осындай естеліктерден кейін жиын соңында жазушының ұлы Саттар мен белгілі ақын, Бәкеңнің өмірде де, шығармашылықта да қаламдас досы болған Серікбай Оспанов ескерткіш тақтаны ашты. Одан кейін жиналған қауым жазушының рухына тағзым етіп, дастарқан басында Құран бағыштады.
Қарлығаш
   ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓