Майдангерлер назардан тыс қалмайды
Алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы республика бойынша кең көлемде тойланады. Осынау мерекелік датаға орай облысымыздағы ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерлан Жаулыбаев аппарат мәжілісінде айтты.
Ардагерлердің қатары жыл сайын сиреп барады. Облыста 2014 жылдың басында 470 ардагер болса, қазіргі күні көзі тірі қариялардың саны – 400. Санаулы майдангерлерге монша, шаштараз, коммуналдық шығындарды төлеу сынды үш түрлі ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
– Елбасы Н.Назарбаев ҚР Парламентінің төртінші сессиясында "Бірде-бір ардагер мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс" деген болатын. Майдангерлер кез келген көмекке лайықты, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е.Жаулыбаев.
Қымбат
ДОСЖАНОВА