Кентке көрік берген
Халқымыздың тұрмыс жағдайы-ның жоғары болуы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының сапасы мен деңгейіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та "Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі" дей келе, Үкіметке нақты тапсырмаларды тізбектеп берген болатын. Соның ішінде осыдан 3 жыл бұрын бастау алған "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған" бағдарламасының шоқтығы биік. Біздің аймағымызда аталмыш бағдарлама ең алғаш Қостанай қаласында басталып, өзінің оң нәтижесін берді. Іле-шала бұл істі қаламызбен қоңсылас жат-қан кеншілер шаһары, одан әрі Арқалық, Лисаков және Жітіқара қалалары қолға алды. Жұмыс ол жақта да жіті ұйымдастырылып, тұр-ғындар тарапынан қолдау тапты. Биыл облыс қалаларымен қатар тұңғыш рет Тобыл кен-тінде де екі қабатты қос тұрғын үй толықтай жаңартылды.
Таран ауданына қарасты бұл елді мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мұндағы темір жол батыс пен шығысты жал-ғастыратын елі-міздің күретамыры іспетті. Жеті мыңға жуық тұрғыны бар Тобыл кентінде халықтың басым бөлігі темір жолда еңбек етсе, қалған бөлігі өз нәпақасын элеватор мен жергілікті шағын кәсіпорындардан, сондай-ақ, еншілес жатқан Лисаков, Рудный қаласы мен аудан орталығынан тауып келеді. Суық және ыстық сумен қатар кентте жылу жүйесі орталықтандырылған. Тұрғындарды толықтай газбен қамту жұмысы да біртіндеп жалғасып келеді. Яғни, Тобылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантарлықтай. Алайда, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелер де жоқ емес. Мәселен, елді мекендегі 44 көпқабатты тұрғын үйдің түгелдей дерлігі 1960-1970 жылдарда салынған. Тозығы жеткен осы үйлерді жөндеуге қара халықтың қалтасы көтермейтіні хақ. Сондықтан да тұрғый үй-шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы Тобылға да жетті.
Таран ауданының тұрғын үй инспекторы Серік Балықбайдың айтуынша, Тобыл кентіндегі көп пәтерлі екі үйге жалпы сомасы 38 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Элеваторная көшесі 54-ші 8 пәтерлі үйдің шатыры мен қасбетіне терможаңғырту (жылыту) материалдарын қолдана отырып, жалпы сомасы 7 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы орайда пәтер иелері Лисаков-тық мердігер ұйым "Allians Construction" ЖШС мен арнайы өкілетті ұйым "Таран-Қызмет" ЖШС арасында келісім-шарт жасады. Келісім бойынша жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, 29-тамызда аяқталды, – дейді Серік.
Ал, Элеваторная көшесіндегі 31-ші екі қабатты 16 пәтерлі үйге дәл осындай жөндеумен қатар инженерлік ажырату желілері мен кірер есік жақтауын жаңарту, кіреберіс терезелерінің әй-негін орнату, үйдің ішіндегі инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 30 млн. 980 мың теңге жұмсалған. Бір сөзбен айтқанда, үйдің сырты да, пәтерлердің іші де толықтай жаңартылды. Бүгінде атқарылған жұмыстарға тұрғындар дән риза.
Жібек Кәрімова,
Тобыл кентінің тұрғыны:
– Біз Тобылға сәуір айында Астанадан қоныс аудардық. Күйеуім Нұрлан темір жол саласының қызметкері. Көшіп келісімен біз тұратын үйді жаңартуға байланысты жиналысқа қатысып, аудан әкімдігінің бұл бастамасын бірауыздан мақұлдадық. Содан кейін небары 3 айдың ішінде үйіміз адам танымастай өзгерді. Туған-туыс пен көршілер де қатты қызығып жатыр. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ.
Теміртай Барменов,
Тобыл кентінің тұрғыны:
– Он бес жылдан бері осы үйде тұрып келем. Үй әбден тозғандықтан өзінің жылу сақтағыш қасиетінен де айырылған. Жаңартудан кейін жылуға төлейтін төлемақымыз да азаятынына сенімдімін. Үш бөлмелі пәтерім үшін айына 4860 теңгеден 15 жыл бойы төлеп тұрамын. Меніңше, бұл қазіргі нарық заманында айтарлықтай көп ақша емес. Ал жөндеу жұмыстарының қаншалықты сапалы орындалғанын уақыт өзі көрсетер.
Биыл 75 жылдық мерейтойын атап өткен Тобыл кентінің болашағы зор екеніне күмән жоқ. Себебі, билікпен қатар мұндағы халық та мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды жүзеге асуына мүдделік танытып отыр.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
СУРЕТТЕРДЕ: жөндеуден өткен үйлер.
Суреттерді түсірген автор.