Қорықтағы шытырман: кино қалай түсірілді?

Биыл Науырзым қорығында "Дала" ("Степь") атты кең форматты жаңа көркемфильм түсірілді. Кинотуынды табиғат қорғаушылардың, қорықшылардың жанкешті жұмысын, браконьерлермен күресін баяндайды. Бұл жобаны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ "Охотзоопром" РМҚМ қолдауымен Golden Man Media компаниясы қолға алған еді. Оған облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасы да қолдау білдірді. Түсірілім ойдағыдай аяқталып, қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Фильм үлкен экранға алдағы жылдың басында шығуы мүмкін.
Елордалық түсірілім тобының жұмысы елдегі 90 жылдық тарихы бар ең байырғы қорықта тамыз айында басталып, 9 қыркүйекке дейін жалғасқан. Фильм режиссері – отандық заманауи кинолар арқылы көрермендерге танылған Максим Акбаров. "Дала" – оның режиссер ретіндегі тырнақалды туындысы. Ол БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында туынды картинасына лайық жер іздеп, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралай келіп, таңдауы Науырзым өлкесіне түскенін айтқан болатын. Өйткені бұл қорық бірден үш ландшафтқа ие – орман да, жазық дала да, сулы-батпақты мекендер де бар. Жас режиссер көз тартар көркем табиғатына тәнті болғанын жасырмады. 
Оған бұл фильмді түсіруге браконьерлермен күресе жүріп қаза тапқан қорықшылардың тағдыры әсер еткен. Естеріңізде болса, соңғы жылдары Қазақстанда екі бірдей табиғат қорғаушының қайғылы оқиғаға ұшырауы қоғамның қабырғасына батқан еді. 2019 жылы қаңтар айында Қарағанды облысында инспектор Ерлан Нұрғалиевке заңсыз аң аулаушылар шабуыл жасап, салдарынан ол қаскүнемдер қолынан қаза тапты. Дәл сол жылы Ақмола облысында киік атқан браконьерлермен күресе жүріп, Қаныш Нұртазинов оққа ұшып, оқиға орнында мерт болды. "Дала" фильмін марқұмдардың рухына жасалған тағзым белгісі деп қабылдауға болады. Алайда, Максим Акбаров кино сценарийіне қылмыс құрбандарының тағдыры негіз болмағанын айты. Бірақ,  мұнда да қорықшылар мен қылмыскерлердің арасындағы шытырман оқиға суреттеледі.
"Бұл кинода тек браконьерлермен күрес қана емес, жалпы табиғат қорғаушылардың қызмет кезінде бастан кешетін қиыншылықтары, қилы ауа райында жан бағуы, түрлі тәуекелдермен бетпе-бет келуі көрсетіледі. Яғни, қорықшылардың мұздай қаруланған қылмыскерлермен қоса, табиғаттың тосын мінездерімен душарласуы да оқиға шиеленісін арттыра түспек", – дейді М.Акбаров.
Айта кетерлігі, алғашқы түсірілім жұмыстары қыс мезгілінде Ақмола облысы аумағында басталған болатын. Содан кейін фильмнің негізгі бөлігі Науырзым қорығы аумағында, байланыс аясынан тыс жерде, тамыздың тамшы тамбаған аптап ыстығы мен аңызағында ай бойы түсірілді. Фильмде ресейлік, өзбекстандық, отандық және жергілікті актерлер ойнады. Науырзым даласын алғаш көрген шетелдік әртістер де жылы лебіздерін жасырмады.
"Менікі басты рөл емес. Бейбақыт дәруішті сомдаймын. Қызық туынды болғалы тұр. Бірақ фильм экранға шықпай тұрып, бәрін айтып қойған да дұрыс емес, – депті РФ халық әртісі Сергей Гармаш inbussines.kz сайтына түсірілімнен соң берген сұқбатында. – Науырзымда өткен бес түсірілім күні маған ұмытылмас әсер сыйлады. Байланыс аясынан тыс жер, телефоныма жақындаған жоқпын. Өркениеттен бір мезгілге бөлініп, табиғатпен бетпе-бет қалу да адамды ерекше сезімге бөлейтінін ұмыта бастағандай екенбіз. Бұл жердің сұлулығын сөзбен де, суретпен де жеткізу мүмкін емес. Қайталанбас көркемдігін көзбен ғана көру керек. Арнайылап келу керек".
Ол осы қорықта жұмыс істейтін 60 жұмысшыға сырт көзге елене бермейтін табанды еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріпті. Ал фильмде басы рөлді сомдаған өзбек әртісі Сейдолла Молдаханов өзіне үлкен жауапкершілік артылғанын ғанибет санайды.
"Ең әуелі, мені Қазақстанда жұмыс істеуге шақырғаны үшін қуаныштымын. Маған басты рөл берілді. Бұл – күрделі рөл. Кейіпкерімнің мінез-болмысын ашуым керек, жұмысын, тағдырын көрсетуім шарт. Қиындығы – мұнда түрлі трюктер орындалады, шайқас, атыс-шабыстар бар. Барынша тырыстық. Қолымыздан келді деп ойлаймын", – дейді ол.
Фильмге Төлепберген Байсақалов, Дәурен Серғазин, Жанель Мақажанова, Нышанбек Жұбанов, Ержан Түсіпов және басқа да отандық танымал актерлер қатысты. Сондай-ақ, Ілияс Омаров атындағы облыстық драма театр әртістері – Әлімхан Мырзахан, Азамат Шүкеев, Төлеген Әлғожа, Нұрлыбек Кенжеахметов, Қуаныш Маратұлы сынды дарындар да түсірілім тобымен тізе біріктіре жұмыс істеді. Бір қызығы, қостанайлық өнерпаздардың барлығы браконьерлердің рөлін ойнаған. Соның ішінде Азамат Шүкеевті сұқбатқа тартқан едік. Ол түсірілім барысын, өзінің кейіпкері туралы кеңінен баяндап берді.
"Мен Ерла деген браконьерді кейіптедім. Ерла – Ержан Түсіпов сомдайтын Жәнібек есімді бас қарақшының оң қолы. Бас-аяғы 6 браконьерміз. Қысқаша желісін айтар болсам, біз аң аулап жүргенімізде қорықшылармен қарулы қақтығыс болады. Сол кезде бас браконьердің баласына оқ тиіп қаза табады да, ол өш алуға бекінеді. Мені қорықшыларды қалайда тауып алып, өлтіруге жұмсайды. Үйшікте отырған инспекторды тауып барып, атысатын сәтіміз бар. Екеуміздің де оғымыз таусылғанда жекпе-жек төбелесіп, кекселеу қорықшыдан басым түсіп, пышақтап өлтіремін. Ол кезде қорықшы түнде жолдан адасып қалған балалы әйелді үйшігінде қонақтатып жатыр екен. Солар мені артымнан қорықшының мылтығымен атады. Мұндай шиеленісті эпизодтар көп", – деп тәптіштеді А.Шүкеев.
Оның айтуынша, каскадерлер күрделі трюктерді орындап бергенімен, қалған атыс-шабыс, шайқастарды актерлердің өздері жасап шыққан.
"Режиссер түсірілім соңында қостанайлық әртістерге ризалығын білдірді. Басында сәл сенімсіздік танытқанын жасырмады. Бірақ, өзінің сөзінше, біздің ойынымызға айрықша тәнті болыпты, – дейді фильмге алғаш рет түсіп отырған Азамат Шүкеев. – Әуелгі сценарий бойынша менің кейіпкерім елеусіздеу-тін. Кейін түсірілім барысында сценарий үнемі өзгертулер мен толықтыруларға түсіп, нәтижесінде жауапкершілігім артып, екінші планға дейін көтерілдім".
Түсірілімнің күндіз де, түнде де жүргізілгенін айтады қостанайлық актер. "Бастысы, фильм өте тартысты болғалы тұр, маған ерекше ұнады" дейді ол.
Идея авторлары осы кинотуынды арқылы қалың көрерменді қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға, отандастарды ізгілікке, мейірімге үндеуді көздейтіндерін айтады. Біз де бұл фильмнің көпшілік көкейіне ой салар деп үміттенеміз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓