Абзал Құспан Қаңтар оқиғасы қайталанбауының жалғыз жолын атады
«Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» концепциясын іске асыру Қаңтар сияқты оқиғалардың болашақта қайталануын болдырмаудың жалғыз жолы. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жерде отырған билік өкілдерін болсын, депутаттар, қоғам белсенділері, жалпы елдегі проблемаларға бей-жай қарамайтын саналы азаматтарды мазалайтын басты мәселе ол – қасіретті Қаңтар сияқты оқиғалардың болашақта қайталануын болдырмау деп білемін. Оның жалғыз ғана жолы Мемлекет басшысы бекіткен Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан концепциясының сөз жүзінде қалып қоймай іске асуында жатыр. Олай деуімізге себеп, біз комиссия құрамында жүріп, қамаудағы азаматтармен жеке кездесу, сұхбаттасу барысында олардың алаңға шығуына түрті болған ең негізгі фактор ол – әділетсіздік екеніне көз жеткіздік. Яғни, әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бұрын осы әділетсіздікке деген төзбестік сезім елдің жаппай алаңға шығуына шешуші рөл атқарған деген қорытындыға келдік», – деді ол.