Аудан мақтаныштары
Елдің сенім артар тірегі – жастар. Жас буынды қолдау, олардың әрбір қадамдарына жағдай жасау мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Бұл қағиданы Аманкелді ауданының билік өкілдер жақсы ұстанған. Жуырда Қ. Әбенов атындағы мәдениет үйінде "Ел үміті" кітабына енген жастар марапатталды.
"Ел үміті" кітабы 2017 жылдан бастау алған жоба. Бүгінге дейін ауданның үздік жастарының есімдері аталмыш кітапқа енді. Жобаның негізгі мақсаты – ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген жастарды дәріптеу. Олардың атқарып жатқан еңбектерін лайықты түрде бағалап, биік белеске жете беруіне қанат бітіру.
Биылғы жылы жалпы саны 27 үміткер қатысқан болатын. Оның ішінен үздік шыққан 6 үміткер іріктеліп алынды. Атап айтқанда "Журналистика" саласы бойынша Бибіт Нұрмұханов, "Білім" саласынан Маржан Қаженова және Айдос Қызыринов, "Жастар көшбасшысы" саласынан Ғибрат Асылханұлы, "Мәдениет" саласынан Айткүл Ержігітова, спорт саласынан Ернұр Ерланұлы марапатталды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Талғат Карбозов қатысты. Ауданымызың дамуына белсенді үлес қосқан азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табысталды. Шара көңілді кешке ұласып, аудан өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Маржан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Аманкелді ауданы.
Суреттерді түсірген Баян ДАЙЫРБЕКҚЫЗЫ.