Құмар Ақсақалов: «Нақты жұмыстың нәтижесі керек»
Жыл басталысымен, облыс басшысы Құмар Ақсақалов барлық аудан, қалалар әкімдерінің алдағы жұмыс жоспарларының есебін тыңдауды бастап кетті. Қоян жылының алғашқы аптасында он өңір атқарылып жатқан жұмыстары жайында баяндады. Ал аудан-қалалардың қалған жартысының есебі келесі жетіде ұсынылатын болады. Айта кетейік, кейбір аудан әкімдері өз баяндамаларында үш жылдық бағдарламаларын талқыға салып, әріге кете бастағаны сол еді, аймақ басшысы оларды орта жолдантоқтатып қойып, «2025 жылға кетіп қалмай, биылғы межені уақтылы әрі нақты орындап алыңдар» деген ескерту жасап отыр.
Алтынсарин ауданында алдағы үш жылда үш инвест жобаны іске асыру қарастырылған екен. Атап айтқанда, «Олжа Беляевка» серіктестігінде 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын, «Истисмар Агро»ЖШС-інде дәл осындай жоба және «Араш Агро» серіктестігінде жарты млрд теңгенің сауын фермасын салу жоспары бар. Аудан әкімі Арнұр Сартов бұл жобаларға жалпы сомасы 20,4 млрд теңге жұмсалады деді. Айтуынша, үш жылда аталған жобалар аясында 16 үй салынбақшы.
– Ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне көмек мардымсыз. Инвест жобалар жүзеге асса ғана үйлер салынады дейсіздер. Сонда инвестиция құйылмаса, үйлер салынбайды деген сөз бе? Егер шаруашылық өз жұмысшысына баспана салса, бюджеттен оның тең жартысы өтеліп беріледі деп айтып келеміз ғой. Мына баяндамаңнан ешқандай нәтиже көріп отырған жоқпын. Екінші мәселе, биыл екі сүт-тауар фермасын іске қосамыз дедіңдер. Ол үшін қазірден ферманың құрылысы басталып кетуі керек емес пе. Аудан әкімі бола тұра, осы мәселеге неге ден қоймайсыңдар!Қазірден бастап қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, қораға кіретін малды осы кезден таңдап қоюларың керек. Бұл деген тұтас процесс. Ал оны орындамадыңдар ма – уақыттан ұтылғандарың. Сол себепті, нақты жұмыстарыңды көргім келеді.Сылап-сипап оқып берген баяндамаларыңның керегі жоқ, нақты жұмыс нәтижесі қажет. Келесі жолы есеп берген кезде 2025 жылды көрсетпей-ақ қойыңдар. Алдымен биылғы жыл мен келер жылдың алғашқы жартысын ғана жарылқап алайық, – деді аймақ басшысы барлығына қаратып.
Амангелді ауданында Үрпек-Қабырға бағытындағы жалпы ұзындығы 47 шақырымнан асатын автожолға орташа жөндеу қажет. Мұны өңір әкімі Талғат Кәрбозов айрықша атап өтті. Себебі, көктемгі тасқын кезінде екі ай бойы қатынас болмай қалады. Көтерме жол су шая-шая, әбден үгітіліп, жайылып кеткен. Бұл көп жылдардан көтеріліп келе жатқан түйткіл. Арғы беттегі ауыл ағайынының саны аз болғанмен, бұл жолды қалайда ретке келтірмеске болмайды. Ол үшін жолды қалыпқа келтірумен қатар, суағарлар орнатып, тұрғындардың еш қиындықсыз қатынауына мүмкіндік жасау керек. Бүгінгі таңда осы жолды жөндеуге техникалық құжаттар әзірлену үстінде. Құмар Ақсақалов бұл мәселені қолдайтынын, қосымша қаражат бөлінетінін жеткізді.
Алайда, ауданға ірі жобалар керек. Мұны аймақ басшылығы қадап айтты. Себебі, өңірде бос жатқан жер өте көп.
– Сіздер шағын жобалармен ғана шектеліп отырсыздар. Бұл жерде мыңдаған қара мал, жылқы жайылып жүру керек қой. Елден шыққан азаматтарды жұмыс істеуге шақырыңдар. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз, – деді Қ.Ақсақалов.
Әуликөл ауданы осыншама әлеуетімен ұсақ жобалармен шектеліп қалмау керек. Биылғы жылға ешқандай ірі жоба жоқ. Ауыл шаруашылық егістіктерін әртараптандыру керек. Әсіресе, майлы дақылдарды көбейту қажет.
Бейімбет Майлин өңірінің келесі кезеңдегі атқарылатын шаруалары жайында сөз еткен аудан әкімі Қайсар Міржақыповқа да бірқатар ескертулер жасалды. Әсіресе, биылдыққа сүт-тауарлы ферма немесе бордақылау алаңын жүзеге асыру жағынан бірде-бір жоба жоқ.
Тағы бір міндет – ауылдардың ішкі жолын барынша жөндеу. Өңір басшысы бұл бағытқа облыс қазынасынан қосымша 5 млрд теңге бөлуді тапсырып отыр.
– Қай жерде құны қымбат жобалар бар, тағы да қарап шығыңыздар. Мәселен, орталықтан елу шақырымнан асатын, одан кейін ешқандай елді мекені жоқ, халық саны азайып бара жатқан ауылдар бар. Ал аудан әкімдігі сол ауылдарға асфальт төсегісі келеді. Оған миллиардтаған қаржы кетеді. Одан да сол жолдарға тас төселсін, үш есе арзанға соғар еді. Жақсылап ұстайтын болсаң, асфальттан кем түспейді. Қалай болғанда да, алдағы үш жылда жолдарымыз барынша жақсаруы керек, – деді Қ.Ақсақалов.
Ауылішілік жолдарды жөндеу, соның ішінде тас төсеу жұмыстарын қарқынды қолға алу да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Және елді мекеннің басым жолдарын жөндету жұмыстарын аяқтау қажет. Себебі, мердігер компаниялар аудандарға бір-екі көшені жақсарту үшін бара бермейді. Ал сол ауылдарда кәсіп етіп отырған шаруашылықтар да қаражатын шығарып, ой-шұңқырларын жамап алсын. Бұл барлық аудандарға қатысты. Облыс әкімінің талабы – осы.
– Ал ауыл шаруашылық жұмысшыларын баспанамен қамтудан аузын қу шөппен сүртіп отырған аудандар жоқ емес. Мен алғашқы күннен осы мәселе жайында барлығыңызға ескерттім. Ол үшін бюджетке телміре берудің қажеті жоқ. Шаруашылық жетекшілерімен келісіңіздер, себебі, тұрғын жай мен жағдай жасалмаса, жұмысшылар бір күн де тұрақтамайды. Тағы да ескерте кететін жайт, сіздердің өткен жылғы есептеріңізді арнайы тексеретін боламыз, – деді облыс әкімі.
Жоғарыда аталған аудандардан бөлек, жұмысы мығым, жоспары ауқымды өңірлер де жоқ емес. Солардың көшін бастаған – Қарабалық елі. Аудан әкімі Руслан Халықовтың баяндауынша, биыл онда өндірістік қуаты жылына 8 млн бас инкубатор ірі инвестициялық жобасын салу жоспарлануда екен. Жобаның жалпы құны 2,1 млрд теңге, оның шеңберінде қырыққа жуық жұмыс орны ашылмақ.
– Алдағы екі жылда жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге 60 тұрақты жұмыс орнын қамтитын екі сүт-тауарлы фермасын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары «Терра» ЖШС ет комбинаты инвестициялық жобасы аясында 25 жұмыс орнын құрай отырып, жалпы құны шамамен 750 млн теңге болатын етті сүйектерін ажырату цехтарын салу, консерві өнімдері, шұжық цехы мен деликатестерін өндіру бойынша жобаларын іске асыратын болады. Бұдан бөлек, Oil-орталық базасында жүк және жеңіл көліктерге қызмет көрсету кешенін салу жобасы жоспарланған. Жарты млрд теңгенің жобасы 15 адамды жұмыспен қамтымақ. Биыл Станционный, Новотроицк, Боскөл, Лесной елді мекендері таза ауыз сумен қамтылса, биыл аудан халқының 82 пайызы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Ал Новотроицк ауылына көгілдір отын құбыры биыл жетпекші, – деді аудан әкімі.
Руслан Халықов осы орайда облыс басшылығынан «Терра» серіктестігінің мал сою пунктін көгілдір отынға қосу арқылы Бөрлі, Смирнов, Надеждин елді мекендерін де қамтуға 112,7 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаты дайын екенін, осы мәселеге қолдау көрсетуін сұрады. Екі мың тұрғыны бар аталған үш ауыл табиғи газ құбырына қосылса, аудан халқының көгілдір отынмен қамтылуы 82 пайызға жетіп қалады.
Аймақ басшысы Қарабалық ауданының атқарып отырған жұмысына оң баға беріп, инвест жобаның қаржыландыруын құптайтынын жеткізді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.