Ауа райы әлі де мінез танытады

31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында аймақтағы күн райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай бөлімшелеріне 47 дабыл түскен (өрт – 13, қоқыстың жануы – 17, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару – 17). 30 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілсе, оның ішінде жетеуі – бала. Осы аралықта зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қолайсыз ауа райы жайындағы осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Азамат Орымбаев баяндады.
– Аталған мерзім аралығында табиғи сипаттағы бір төтенше жағдай тіркелді. 3 қаңтар күні Науырзым ауданы Өлеңді ауылындағы негізгі мектебі шатырының 200 шаршы метрі зақымдалды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, желдің жылдамдығы секундына 21 метрге жеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, – деді А.Орымбаев.
Ауа-райының нашарлауына байланысты 2-3 қаңтарда 5 республикалық және облыстық маңызы бар 22 автомобиль жолдары жабылды. Автожолдарда қозғалысты шектеу үшін полиция департаментімен бірлесіп 29 бекет қойылды, 30-дан астам техника мен 45 жеке құрам жұмылдырылған. Азаматтарды қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен, жол қызметтерімен бірлесіп орналастыру үшін 900 төсектік 43 жылыту пункті дайындалыпты.
– Аталған іс-шаралар облыс жолдарындағы көліктердің жаппай кептелуіне жол берген жоқ. 3 қаңтар сағат 22:00-дегі мәліметке сәйкес, боранның салдарынан облыс бойынша 68 жүкті әйел тұратын 13 аудандағы 82 елді мекенге кіретін жол жабық. Тұрғындар арасында медициналық көмекке мұқтаждары жоқ. Елді мекендердегі жолдарды тазарту ауа-райы жақсарғаннан кейін қайта басталады. Шақыртулар түсе қалуы ықтимал деген төрт бағытта арнайы техникалық құралдар дайын тұр, – деді полковник.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов алдағы уақытта әлі де боран күтіліп, күн суытатынын ескере отырып, барлық қызметтер бұған дайын болу керектігін ескертті.
– Жолдардағы азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңыз мәселе. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және «ҚазАвтоЖол» АҚ Қостанай филиалына тапсырамын: жолдарды қар мен мұздан тазартуға техника барынша тартылсын; жолдардың қар ұстайтын бөліктері ерекше бақылауға алынып, ол жерлерге қар тазалайтын тахникалар бекітілсін; қар тазалайтын техниканы автомобиль жолдарының қар ұстап қалатын қауіпті учаскелеріне уақтылы жіберіп тұру ұйымдастырылсын; жанар-жағармайдың жеткілікті болуы қамтамасыз етілсін, – деді облыс әкімі.
Қ.Ақсақалов аудандар мен қалалардың басшыларына жолдардағы жылу нысандарының дайындығын қамтамасыз ету, ыстық тамақ ұйымдастыру, әлеуметтік нысандарды энергия, су, жылумен қамту, оларға баратын жолдарды уақтылы тазартып отыру, инженерлік-техникалық қызмет өкілдерін тәулік бойы кезекшілікке шығаруды тапсырды.
Қажет болса, жүкті әйелдер, науқас адамдар, мүгедек жандар алдын ала емдеу орындарына жеткізілсін. Ең бастысы, елді мекендерге кіретін жолдар ұзақ уақыт қар астында жатып қалмай, дер кезінде тазартылып отырсын деді. Полиция департаменті жолдарда қауіпсіздік шараларын қатайтылуы тиіс. Күн нашарлаған кезде азаматтардың елді мекендерден тыс жерлерге жолға шығуына жол бермеу керек. Бекеттер қойып, ауылдардағы учаскелік полиция қызметін күшейтілсін, – деді облыс әкімі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓