Күмбірлеген күй, сазды әуен

Торғайда аудандық мәдениет үйінде Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұйымдастыруымен “Келешектің тұтқасы – білімді де, өнерлі ұрпақ”  атты жаңа жылға арналған мерекелік концерт өтті. Жылдық қорытынды концертке облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары қатысып, өнер көрсетті.
Сахна шымылдығын “Дала сазы” ансамблі “Жылқышы” күйімен ашып, өнер сүйер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай бүлдіршіндердің әуелетіп салған тамаша әндері құлақтан кіріп, бойды тербеді. Ал, би бөлімінің оқушылары қазақтың ұлттық биін мың бұрала билеп, өздеріне тән әдеміліктерімен туған жер табиғатын көз алдымызға елестеткендей болды.
Аудан әкімі мерекелік кешті тамашалауға келген көрермендерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өнер мектебінің ұжымына алғысын айтты. Сонымен қатар, өнер мектебімен тығыз байланыста жұмыс жасап отырған ата-аналарға алғыс хат тапсырды. Сахна төрінен сөз алған ардақты ана Гүлбаршын Хамиева өнерлі балалардың өнерін шыңдап, биік белестерге жеткізген өнер ұжымына аналық ақ батасын берді. Хореография бөлімінің оқушысы, «Еркеназ» би ансамблінің мүшесі Еркеназ Бекет ұстаздарына шексіз ризашылығын жеткізіп, би өнерін одан әрі дамытуға сенім білдірді. Кеш соңынан естелік суреттерге түсіп, жақсы көңілмен тарқасты.
Өтіп бара жатқан барыс жылы өнер ұжымы толағай табыстарға жетіп, ауданымыздың мерейін асқақтатты. Мәселен, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Армандастар» облыстық балалар шығармашылығының фестиваль-байқауында  «Еркеназ» би ұжымы мен кітапхана оқырманарынан құралған «Сиқырлы театр» ұжымы қос Гран – При жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, аталған би ансамблі  «Ақ шағала» республикалық хореографиялық фестиваль-байқауында ІІІ орынды иеленді. Талайды тәнті қылған «Сиқырлы театр» ұжымы  республикалық «Ғажайып театр»  байқауында бас жүлде иегері атанды.
Облыстық тамыз кеңесінің секциялық отырыстарында мектеп кітапханашысы Ғалия Кенжебайқызы мен бейнелеу өнері бөлімінің мұғалімі Самұрат Ерікұлы арнайы шебер сынып өткізіп, әріптестер арасында өз тәжірибелерімен бөлісті. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша өнер мектебі үздік ондыққа кіріп, мектеп директоры Жанар Асанқанқызы облыстық қосымша білім беру орталығының мадақтамасымен марапатталды. Ә.Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қорының ұйымдастыруымен  өткен республикалық «Жас өнерпаз» жас жеткіншектер арасындағы байқауға қатысқан домбыра бөлімінің оқушыларына арнайы дипломдардар табысталды. Ұлттық домбыра күні мерекесі қарсаңында Арқалық қаласында өткен «Домбыраның күмбірі – бар қазақтық бірлігі» атты аспаптық ансамбльдер арасындағы өңірлік «Күй тартыс» байқауына  мектебіміздің «Дала сазы» ұлт-аспаптар ансамблі  қатысып, жүлделі ІІІ орынды жеңіп  алып, 100 000 теңге ақшалай сыйлық және сертификатқа қол жеткізді. Арқалық қалалық бiлiм бөлімінің ұйымдастырумен Ә.Сәрсенбайұлының 70 жылдығына арналған жас домбырашылардың кәсіби  «Күмбірле, домбыра» атты қалалық байқауда бақ сынаған домбыра бөлімінің оқушысы Айназ Қарағұл III орынға иеленді.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Біз таланттыларды іздейміз» атты байқауда домбыра, вокал бөлімдерінен Жансая Мұрат, Нұрсезім Қуанышқызы және Айназ Қарағұл мен Жанбота Орманбек сынды жүлделі орындарды еншіледі. 
Қостанай қаласында  облыстық «Триумф» жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде ұлағатты ұстаз, хореография бөлімінің мұғалімі Жанат Әлімбаева облыс әкімінің алғыс хатымен мараптталса, «Еркеназ» хореографиялық ұжымының мүшесі, биші Ақбота Сәбитбекке «Триумф» естелік мүсіншесі және ноутбук табысталды. «Міндет зор, мүмкіндік мол». Бұл өнер мектебінің алға қойған мақсаты мен ұраны.
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
 Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓