Абай МҰҚАНОВ, «Алюминстрой» ЖШС-нің бас директоры: «АРҚАЛЫҚТЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА!»

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Арқалықтың жай-күйі кері кетіп, жұрты үдере көшкені бәрімізге белгілі. Оны айтқаннан өткенге де, болашаққа да пайдасы тимес. Ол замандар келмеске кетті, тек сол қиын шақта туған қаланы ұстап қалуға тырысқан азаматтар жайында қалам тартамыз. Арқалықтың бүгінгі көрінісі көз қуантады. Тегіс жолдар, жаңа тұрғын үйлер, қайта жаңғырған бірқатар әлеуметтік нысан назарға ілігеді. Қаланың осылайша құлпыруына үлес қосқандардың бірі – «Алюминстрой» ЖШС құрылыс компаниясы, оның директоры Абай Мұқанов. Арқалық үшін аянбай еңбек еткен Абай Құспанұлы өзі басшылық жасайтын мекеменің бүгінгі аяқ алысымен таныстырып өтті. _MG_6974
-Абай Құспанұлы, бүгіндері «Алюминстрой» ең ірі құрылыс компаниялардың біріне айналды. Одан қалды, облыстың оңтүстік аудандарының алға басуына зор үлес қосып келе жатқаны елге мәлім. Мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстарын айтып өтсеңіз?
-«Алюминстрой» құрылыс компаниясы 2000 жылдың қазан айында құрылды. Міне, аттай 18 жыл жемісті жұмыс істеп келеді. Жыл өткен сайын әлеуеті артып, ауқымы кеңейді. Біз кез келген құрылыстың іргетасынан бастап, есіктегі кілтіне дейін өзіміз саламыз. Негізінен Елбасының жыл сайынғы Жолдауы аясында жұмыс істейміз. Биыл президенттің «Бес әлеуметтік бастамасын» естіп, алдымызға бірқатар жоспар қойдық. Енді Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы барлық құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеміз. Өткен жылы Арқалықтың ішкі жолдарын жөндедік, тұрғын үй, балабақша, студенттерге жатақхана салдық. Бір өкініштісі, бізде газ ғана жоқ.
Бұл, енді, өзімнің өсіп-өнген жерім, бәріміз Қостанай облысының перзентіміз. Жаным ашыған соң әрбір кірпішін асқан жауапкершілікпен қалап келе жатқан жайым бар. Әлбетте, әркім өзінін туған қаласының көркейгенін қалайды. Сондықтан, көштен қалмай, Арқалық алға басса екен дейсің. Еңбегіміз еш кетіп жатқан. Қызылқозы қайта гүлдене бастады.
Әл-әзір құрылыс материалдарын шығаратын зауыттарымыз жұмыс істеп тұр. Құрылысқа тек өзіміздің өнімдерді, қазақстандық материалдарды пайдаланамыз. Сырттан тек аса күрделі заттарды ғана алдыртамыз. Үш жүзге жуық техника бар. Арасында Германия, Ресей, Украина, Қытайдан әкелінгендері де жетерлік. Бәрі өзіміздікі, ешкімнен жалға алмаймыз
Жаз кезінде, яғни құрылыстың қызған уақытында шамамен мың адамға дейін жұмыс істейді. Оның бәрі осы жақтың адамдары. Ол кезде жұмыспен қамту орталығымен бірігіп, адамдарды жұмысқа аламыз. Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы құрылыс жұмыстарында да сол жақтың азаматтары жұмылдырылады. Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, кем дегенде, 15-20 адамды тұрақты жұмысқа алып отырамыз. Жалақылары жақсы. Қала сыртында жазғы лагеріміз бар. Жаз маусымында 700-ге жуық бала демалады. Онда мекеме қызметкерлерінің және ауылды жердің балалары келіп демалады.  
Биыл қаңтар айында жүз елу балаға шақталған «Балдырған» деген балабақша салдық. Облыс әкімі келіп, оң бағасын берді. Бұл енді мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің арқасында жүзеге асып отыр. Ал бұған дейін студенттерге жатақхана тұрғыздық. Сондай-ақ, биыл көктем келісімен қаланың ішкі жолдарын жөндеуге кірістік. Былтыр тең жартысын тегістеп едік, 2018 жылы тұтастай аяқтауға тиіспіз. Ағымдағы жылғы жөндеу жұмыстарына 226 млн теңге бөлініп отыр. Өткен жылы Кейкі батырдың кесенесін тұрғыздық. Көпшілік көңілінен шықты. Сол іс-шаралар аясында қаладағы қыруар жұмыс атқарылып, шаһарымыз еңсе тіктеп қалды. Келген қонақтар ризашылығын білдіріп жатты. Әрине, ондайда бір марқайып қаласың.
Оған қоса, Аманкелді ауданына апаратын тас жолдың құрылысы әлі жалғасып жатыр. Ол жақта да біраз техникамыз тұр.дорога-Аркалык
-Аманкелді мен Жанкелдин аудандарында қыруар жұмыс атқарып жүрсіздер. Ол жақтағы қазрігі қарқын қандай?
-Биыл Жанкелдин ауданындағы Ақшығанақ ауылына ауызсу тарту жұмыстарын бастадық. Сәтін салса, оны тамыз айында тапсыруымыз керек. Аманкелді ауданына қарасты Амантоғай ауылына да су тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қарға адыммен болса да тас жол жылжып келеді. Қазір облыс басшылығы оңтүстік аудандарға жақсы көңіл бөліп отыр.
Біз осындағы құлаған ескі үйлерді алып, соны жөндеп, баспана саламыз. Жыл сайын қалада алпыс пәтерлі бір үй тапсыруға тырысамыз. Жергілікті биліктің араласуынсыз жұртқа өзіміз таратып береміз. Биыл 120 пәтерлі үлкен үй салу ойда бар. Қазір әкімшілікпен келіссөздер жүріп жатыр. Бұған дейінгі салған тұрғын үйлерге сұраныс көп болды. Бес қабатты бір үйге 400 өтініш келіп түскен. Яғни бір пәтерге жеті адам ниетті. Тұрғындар саны да көбейіп келеді. Қазақстанның басқа да облыстарынан қоныс аударып жатқандар бар. Қаланың бүгінгі тіршілігі көңілге қонымды. 
Қазір кез келген құрылысқа қорықпай кірісетін болдық. Өйткені, техника да, құрылысшылар күші де жеткілікті. Құрылыстан кейінгі тоқ тарту, құбыр желілері сияқты ұсақ жұмыстардың бәрін өзіміз істейміз. Үй маңын абаттандыру жұмыстарын да өзіміз жасаймыз. Ешқандай субмердігерлік деген жоқ. Салықтың бәрі қаланың бюджетіне түседі.  
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен ет комбинатын салып жатырмыз. Оны инвестжоба деп айтуға болады. Қаржы құйып отырған – Расул Мұқанов. Қазір құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Тамыз айында тапсыруға міндеттіміз. Жобасын қостанайлықтар жасады. Комбинаттың жұмысына керек жабдықтарды Польша мен Украинадан әкелмек. Күніне он тонна ет, үш тонна шұжық шығарады. Бұл осы оңтүстік аймақ үшін үлкен серпін бермек. Біздің жақта мал шаруашылығы көш ілгері ғой, екінің бірі үйде мал ұстайды. Ауыл-аймақтың адамдары мал өткізіп тұратын болады. Әйтпесе, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, бізден ірі қараны да, жылқыны да сатып алып жатады. Қазір көрші облыстардан да қызығушылық білдіріп отырған шарулар бар, олар да малдарын өткізбекші. Әйтеуір, жергілікті бюджетке қомақты қаржы кеп түседі деген үміттеміз. IMG_1296
-Абай Құспанұлы, Арқалықтың бүгініне қандай баға бересіз және алдағы жоспарларыңыз қандай?
-Бүгінгі күні Арқалық алға басты. Шағын кәсіпорындар, зауыттар ашылып жатыр. Халық саны да артып келеді. Алар асуымыз әлі алда деп білемін.
Елдің азаматы болғасын Арқалықтағы, Аманкелді мен Жанкелдиндегі әлеуметтік нысандардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына көмектесіп тұрамыз. Одан бөлек, 1999 жылдардан бері облыстық меценаттар клубына мүшеміз. Шығармашылық адамдар болса, әлбетте, қолдауға әзірміз.
Жоспар – ерінбей жұмыс істеу. Үкіметтің берген тапсырмасын сапалы әрі уақытлы орындау. Туған жер үшін тер төгу керек. Елбасы айтқандай, әрбір адам өз облысына, ауылына, ауласына кішкентай да болса пайдасын тигізуге міндетті. Сол үдеден шыға алсақ, арман болмас еді.
-Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓