Студенттердің Кіші Ассамблеясы құрылды
Сәуір айының ортасында этносаралық келісімді нығайту мақсатында Рудный индустриялық институты жанынан студенттердің Кіші Ассамблеясы құрылған болатын. Жексенбіде "Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік" қағидасын ұстанған үшбу ұйымның салтанатты ашылу рәсімімен алғашқы отырысы өтті. Ең алдымен институт ректоры профессор Әбдірахман Найзабеков жиылған қауымды маңызды оқиғамен құттықтап, Ассамблея жұмысына зор табыс тіледі.
– Береке-бірлік, ұлтаралық татулық болмаса, еліміз алға баспайды. Сондықтан жастарымыз институтпен ғана шектелмей, қала және облыс деңгейінде ұлтаралық келісімнің тамаша үлгісін көрсетеді деген сенімдемін, – деді Әбдірахман Батырбекұлы.
Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина кеншілер шаһарында 60-тан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір кешіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосып жатқандығын тілге тиек етсе, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бағытұр Дәндібаев ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған Ассамблеяның тарихын қысқаша шолып өтті. Ел өмірінен тамаша мысалдар кел-тіріп, жаңадан ашылған ұйымға ағалық тілегін айтты.
Ұлтаралық келісім, татулық пен бейбіт өмір – Қазақстанның стратегиялық ресурсы екенін атап өткен Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы аймақтармен және қоғамдық-саяси бірлестіктермен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім бастығы Жанат Мырзабаева студент жастардың игі бастамасына қолдау көрсетіп отырған институт басшылығына өз ризашылығын білдірді. Ал Кіші Ассамблея төрағасының орынбасары, 1-курс студенті Жанна Кравченко ұйымның басты мақсат-міндеттеріне тоқталып, алда атқаратын жұмыстарын тізбектеп берді. Шара барысында қонақтардың назарына Кіші Ассамблея студенттері даярлаған шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда қазақ, орыс, украин, неміс, татар және кавказ халқының әндері шырқалып, ұлттық билері көрсетілді.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ