Жыл жаңалықтары
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Минстрлігі Жангелдин аудандық мемлекеттік мұрағатының бірінші санаттағы мұрағатшысы Сайлаугүл Қапарованы «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Жыл қорытындысы бойынша төсбелгі иегері атанған мұрағат қызметшісін аудан әкімі Шота Оспанов салтанатты түрде құттықтады.
Қазіргі таңда Сайлаугүл Махмұтқызы аудандық мұрағат филиалының орта буын маманы, жоғары санаттағы мұрағатшысы. Ол 1995 жылы Арқалық политехникалық колледжін «Іс қағаздары және мұрағат ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 23 жыл бір салада қызмет жасаған Сайлаугүл тәжірибелі маман. Ұйымдардың мамандарына ведомстволық мұрағат туралы, мекемелердің ЕК туралы нормативтік құқықтық актілерді, істер номенклатураларын дайындауда әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. Жеке құрам бойынша тұрақты сақтаудағы құжаттарды сипаттайды, сақтауға жатпайтын істерді жоюға актілер жасап, тарихи анықтамаларды, алғысөздерді құрастырады. Жауапкершілікпен жүктелген міндетті мінсіз атқарады. Нормативтік-әдістемелік әдебиеттерді оқу арқылы кәсіби деңгейін шыңдаған машықты маман атанды. Өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған емес. Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Минстрінің алғыс хатымен, облыс әкімінің және Қостанай облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының, Жангелдин ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен мараптталған.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы