Қор көмегі қомақты

Әулиекөл аудандық орталық ауруханасының жанынан инсульт орталығы ашылды. Осыдан үш ай бұрын қолға алынған емдеу орталығының құрылысына және қажетті қондырғылар сатып алуға Болат Өтемұратов қоры 1 миллиард теңге бөлген еді. Бұл қаражатқа жүрек-қан тамырлары ауруларын, қан айналымы жүйесінің бұзылуын дәл анықтайтын соңғы үлгідегі құрылғылар әкелінді. Аурухананың іші-сырты жөнделді, жиһаздар, төсек – орындар сатып алынды.
-Биыл Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланғанда тұрғындардың басына түскен ауыртпалық жүгін сезінген көптеген компания, қайырымдылық қоры қол қусырып, қарап отыра алмады.  Қолындағысымен бөлісті.  Соның бірі – Б.Өтемұратов қоры. Бұл қор негізінен медицина, білім, өнер салалары бойынша біраз жобаны жүзеге асырып келеді. Біз өрттен зардап шеккен тұрғындарға 100 млн теңге материалдық қолдау көрсеттік. Оның сыртында Әулиекөл кентінде инсульт орталығын салу туралы шешім қабылдадық. Бұған 1 млрд теңге жұмсалды. Аталған қаржыға емдеу орталығын бастан-аяқ жөндеп, заманауи үлгідегі ангиограф және компьютерлік томограф сатып әпердік. Бұл жабдықтар науқастың диагнозын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай орталық бұған дейін Қостанайда ғана болған. Бірақ, дерті меңдеген науқас адам оған дер кезінде барып үлгірмейді. Ал мына инсульт орталығы жағдайды оңалтуға сеп, – дейді Қордың  директоры Марат Айтмағамбетов.
Жаңа емдеу мекемесі  Әулиекөл өңірімен қоса, шалғайда орналасқан Наурызым, Қарасу аудандарын қамтымақ. Тіпті, жылына 100 мың адамға дейін емдеуге қауқарлы. Бұл, әсіресе, қыс айларында қатынас қиындағанда жанына шипа іздеген жандар үшін үлкен жәрдем. Өйткені, бұрын жұрт денсаулығын тексерту үшін облыс орталығына ат сабылтатын. Қостанай инсульт орталығындағы  жүктеме де  едәуір азаятын болды.
-Инсульт кезінде диагностика мен медициналық көмек көрсету жылдамдығы өте маңызды. Өйткені, уақытылы басталған ем-дом сырқаттан айығу көрсеткішін айтарлықтай арттырады.Елімізде сирек қолданыстағы мынадай жаңа үлгідегі аппаратты алғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің аудан тұрғындары үшін өте ауадай қажет. Енді уақыт жоғалтпай, диагностикалық тексерулерді өз бетімізше жүргіземіз. Яғни,  емдеу шараларын шұғыл түрдеқолға аламыз.  Орталық  300 төсектік. Мұнда келіп емделушілер барлық қажетті көмекті бір жерден ала алады. Жаңа жылдан бастап біз алғашқы емделушілерді компьютерлік томографқа түсіруді бастаймыз. Кейін ангиографты іске қоспақшымыз, – дейді Әулиекөл орталық ауруханасының бас дәрігері Сергей Шульгин.
Компьютерлік томографтың сәулелік жүктемесі төмен. Ол металл имплантаттары бар науқастарды диагностикалау үшін пайдаланылады.  Заманауи технологияны қолдану арқылы дәрігерлер аз уақыт ішінде көбірек зерттеужүргізуге, науқастарды неғұрлым жылдам қабылдауға мүмкіндік бар. Ал қан тамырларын зерттеуге арналған ангиограф нәтижесін үлкен экран арқылы бақылауға болады. Жаңа жабдықтар толықтай  сынақтан өткізілді.  Қазір аурухана дәрігерлеріжаңа аппараттарда жұмыс істеу үшін кәсіби біліктіліктерін арттырып жатыр. Инсульт орталығының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов аурухана жұмысымен танысып, дәрігерлермен аз-кем дидарласты.
-Алдымен баршаңызды осындай жаңа үлгідегі орталықтың ашылуымен құттықтағым келеді. Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы еліміздегі денсаулық саласына айрықша назар аударып, оны жақсартуда бірқатар тапсырма жүктеді. Соның арқасында салаға едәуір қаражат бөлінуде. Біздің облыста ғана емес, бүкіл республикада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа жабдықтар әкелінді. Бұған демеушілер де зор үлес қосып келеді. Соның бірі – бүгін өзіміз куә болып отырған мына инсульт орталығын Болат Өтемұратов Қоры қомақты қаржы бөліп, қысқа мерзім ішінде, сапалы етіп салып берді.  Бұл емдеу мекемесі облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардың тұрғындарын шұғыл көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.Сондықтан, барша әулиекөлдіктер атынан Қор басшылығына  қысылтаяң шақта  көрсеткен қайырымдылық көмегі үшін алғысымды білдіремін. Ол кісі көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға қол ұшын созудан жалыққан емес. Осындай іскер, қайырымды азаматтаркөпке үлгі болса игі, – деді  облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, соңғы жылдары белгілі филантроп, кәсіпкер Болат Өтемұратовтың қоры  Қосшыдағы қоғамдық орталық пен мектепті, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы жолаушылар әуежайының терминалы тәрізді  әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға 80 миллион доллардан астам қаражат бөлген.
Әлібек ЫБЫРАЙ
                                                                                                                      Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Әулиекөл ауданы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓