Мәңгілік Ел – Алаш идеясынан бастау алады
Әлем таныған Әлихан. Алаш қозғалысының көсемі, ұлтымыздың біртуар тұлғасы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Наурыз айының басында бауырлас Түрік елінде Алаш қайраткеріне арналған халықаралық зор шара өткенін айта кету керек. Біздің елімізде де ұлт көсемінің мерейтойын ұлықтау Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларында республикалық, еларалық жиындарға ұласуда.
Енді міне, тойдың жалғасы қасиетті Тобыл-Торғай өңірінде жалғасын тапты. Атап айтсақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Әлихан Бөкейхан және Алаш тағылымы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын облысымыздың 80 жылдығымен де тұспа-тұс әрі өткен ғасырдың басында «Алаш» қозғалысының өкілдері Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы аймағымыздың аудандастырылуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқанын айта кеткен жөн. Сол себепті, Астанадан арнайы шақырылған және өңірімізде Алаш тақырыбын көтеріп жүрген ғалымдар баяндамаларын көбіне Әлихан атамыз бастаған идеяны Қостанай тарихымен ұштастырып отырды.
XX ғасырдың басында құрылған «Алаш» партиясының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Алаш кемеңгерлерінің Қазақстанның егемендігі жолындағы күресі және тәуелсіз құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы саяси-құқықтық ізденістерін саралап зерттеу және қазақ елінің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан үлесін анықтап, болашақ ұрпаққа насихаттау. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарындағы жарияланған тың мәліметтер негізінде жаңа көзқарастағы тұжырымдардың даму жолын зерделеу. «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясының қоғамдағы рөліне саяси-танымдық тұрғыдан жаңаша баға беру. Міне, бұл конференцияның негізгі тақырыбына айналды.
Республикалық конференцияға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдени-рухани даму институтының директоры, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы, аталған университеттің ғалымдары Қайырбек Кемеңгер, Сағымбай Жұмағұлов және өңіріміздің ғалымдары, университет басшылығы мен студенттері қатысты. Баяндамашылар пленарлық отырыстан кейін секцияларға бөлінді.
Ғылыми шара аясында Алаш көсемі жайында деректі фильм көрсетіліп, университет аумағында «Алаш» аллеясының ашылуы болды. Алыстан-жақыннан жиналғандар ол жерге көшеттер отырғызды.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.