Науқастың жайын кім ұғар?
Соңғы кезде тұмау өршіп тұр. Вирус жұқтырғандар бар білгендерінше дәрігерге жүгініп, болмағандары үйден емделіп жатыр. Оқырмандарымыз «дәріханаларда күнделікті қолданатын парацетамолды таба алмадық. Бірқатар дәріханаға бардым. Таныстарымның көбісі қызуы көтеріліп, жөтел болып, тамағы ісіп ауырып жатыр. Ал қажетті дәрілер 2-3 күннен бері тапшы» деп хабарласуда. Оқырманның әр шағымы маңызды. Осындай мәселе болған соң біз де дәріханаларға қарай аяңдадық. Шынымен де қаладағы №59 дәріханада парацетамол жоқ екенін айтты. Ал «Домик аптекаря» дәріханасында, керісінше, парацетамол бар. «Бізде сіз сұраған дәрі бар. Тіптен көптен бері сатылымда болмай кеткен панкреатин, омепразол деген сияқты дәрілер де пайда болды. Бұл дәрілер сұранысқа ие» дейді фармацевт ханым. Аяңдап келесі дәріханаға бардық. Оларда да екі аптадан бері парацетамол жоқ екен. Бұған дейін көп мөлшерде алынған препараттар қазір таусылып қалған. Жұртшылық көбіне ыстық түсіретін, құрғақ жөтелді емдейтін дәріні сұрайды екен. Қарапайым ыстықты Мәселенің мән жайын сұрап облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Басқарманың бас маманы Қ.Жұрынов алдымен бұл сұраққа жауап беруі үшін бастығымен ақылдасып алуы керек деді. Жарты сағаттан соң «бұл мәселе ол кісінің құзырына кірмейтінін, тіптен дәрі жоқ екенінен бейхабар» екенін жеткізді. Осылайша біз ҚР медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне хабарластық. Департамент басшысының орынбасары Д.Жолдасов дәріханаларда кей дәрілердің, соның ішінде біз сұраған парацетамолдың тапшылық тудыруы мүмкін екенін растап отыр.
Оның басты себебі – инфляция. Бұл мәселені біліп отырмыз. Қазір тұмаумен ауырғандар көп. Науқастар алдымен парацетамол сияқты арзан, қолжетімді дәрілерді алатыны белгілі. Ал қазір баға күнде құбылып жатыр. Алдын ала келісілген баға компанияларға тиімсіз болғандықтан олар дәрілерді жеткізуден бас тартып жатыр. Ал Ресей, Украина сияқты елдерден келетін дәрілер мүлде жоқ. Парацетамол Ақтөбеден де шығады. Бірақ жаңа айта кеткендей келісілген баға шығындарын жаппағандықтан жеткізуші компаниялар дәріні жеткізгілері келмейді. Сондықтан құрамында ыстық түсіретін, парацетамолы бар дәрі-дәрмектерді қабылдауға тура келеді. Ал олардың бағасы 650 теңгеден жоғары. Сатылымда сіз сұраған дәрі қашан болатынын нақты айта алмаймыз, – дейді Д.Жолдасов.
Мәселенің мәнісі осылай болып шықты. Күннен-күнге қарыштап бара жатқан баға нарығы ешкімді аяр емес.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ