Балалар қуанышқа бөленді
Бүгін Қостанайда ҚР Президентінің Жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға барлық аудан, қалалардан келген 7 жастан 12 жасқа дейінгі аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан екі жүз өрен қатысты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқушыларды Қ.Ж. Тоқаевтың атынан құттықтады.
–Құрметті жас достар сіздерді жыл сайын өтетін Президент шыршасында көргеніме қуаныштымын. Бүгін осы облысымыздың түкпір-түкпірінен келген ең үздік балалар жиналды. Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай Қостанай өңірінде балалар үшін біршама жұмыстар атқарылды. Саналы тәрбие беру үшін жаңа мектептер, спорт, мәдени нысандар салынуда. Бүгінгі мейрам мен сыйлықтар сендерге естен кетпейтін ерекше күн сыйласын. Жаңа жылда барлық арман тілектеріңіз орындалсын, – деді аймақ басшысы.
Мұнан соң Аманкелді ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің бесінші сынып оқушысы, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Ахмет Қазыкен барлық қатысушылардың атынан сөз сөйледі.
–Мен Президент шыршасына қатысу үшін Аманкелді ауданынан келдім. Бұл сәтті ұзақ күттім. Осындай қуаныш пен шаттыққа толы шырша мерекесіне қатысу мен үшін үлкен қуаныш. Мектепте үздік оқуышардың қатарынанмын. Математика пәнінен аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанып жүрмін. Барлық балалардың атынан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына керемет сыйлықтар мен шынайы қамқорлығы үшін үлкен алғысымызды жеткізгім келеді. Алдағы уақытта біз оқуда озат атанып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуға уәде береміз. Жаңа жыл құтты болсын достар. Барлық армандарыңыз орындалуына тілектеспін, – деді кеш қатысушысы.
Көңілді кеште қуыршақ театры мен эстрадалық-цирктің өнерпаздары әртүрлі қойылымдар ұсынды. Балаларға планшеттер, тәтті сыйлықтар және Х. К. Андерсеннің ертегілері табысталды.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.