Жанкүйер тілегі

Қалай жанкүйер атанды?

Ол жергілікті "Тобыл" футбол командасының жиырма жылдан бергі жанкүйері. Жалпы футбол десе ішкен асын жерге қояды. Қайда жүрсе де команданың жетістігіне қуанып, сәл сүрінсе мұңаятын азамат.  "Қайда жүрсе де" деп сөз саптауымыздың  сыры бар еді. Тұрар Бекмағанбетов Торғай өңірінің тумасы. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады, Атырау жерінде қосымша мамандығы бойынша мұнай-газ саласының операторы болып еңбек етіп келеді. Кезінде Целиноград ауылшаруашылық институтын ойдағыдай тәмамдаған жерлесіміз еңбек жолын сол кездегі Арқалық ауданына қарасты Сарыөзен кеңшарында агрономдықтан бастады, аудандық ауылшаруашылық бөлімінде біраз жыл тер төкті. Кейін облыс тарап, Қостанайға келді. Аз-кем бизнесте жүрген ол заманның ауыспалы шағында батыс өңіріне қоныс аударады, Атырау мұнай-газ институтын сырттай тәмамдап, мұнай саласына бет бұрды. "Студент кезімізде Алматыға бара қалсақ, "Қайраттың" ойындарын жібермейтінбіз. Сол қызығушылықтың мысы басса керек, Қостанайға келіп "Тобылдың" ойындарына бара бастадым. Бұл шамамен 2000 жылдардың басы  болатын. Нұрбол Жұмасқалиев, Қайрат Нұрдәулетов, Данияр Мұқановтардың жасындай жарқылдап жүрген шағы", – деп еске алады Тұрар Бекмағанбетов. 

Нұрболға бата берген
 
"Осындайда көп нәрсе еске түсе береді ғой, бірде жеңгең екеуміз Қостанайдың кең көшелерінің бірінде кел жатқанбыз' – деп тағы бір әңгімесін жалғап әкетті кейіпкерміз, – Нұрболдардың алдымыздан сап ете қалмасы бар ма. Тоқтатып әңгімеге тарттым. Ауылдың қазақы жігіттері екен, жолдарына ақжол тілеп, батамды бердім. Қызық кездер еді ғой, шіркін! Ойын біте сала стадионның оң жақ кіре берісіне ілінетін жақтаудан турнирлік кестені тамашап тұрушы едік. Қазір техникалық мүмкіндіктер артты. Ондай кедергілер жоқ, тек командаларды ашындыратын тұстар бар. Ол жайлы жақынырақ араласқан жерлесіміз, команданы кезінде көкке көтерген Халімжан Ержанов та айтып отыратын. Бірде ойын жүріп жатты. Командалар үзіліске кетіп бара жатқанда марқұм Халекеңді байқап, жанына барып амандастым. Балаша қуанып, жанынан орын берді де Асқар Қожабергеновке хабарласты. Ол кезде Қожабергенов "Ертістің" бапкері. Ана жақтағы дауыс "Ертістің" жеңетініне тым сенімді көрінді. Аға, бұ қалай болды деп едім, "Это, наверху" деп аспанды көрсетті. Кейін осындай нәрселердің болып тұратынын айтып өкіндік. Сонда Халекеңді соңғы рет көруім еді", – дейді кейіпкерміз. Алыстағы жерлесіміз айтқандай, дәл қазіргі уақытта футболда ондай олқылықтар жиілеп кетті. Жергілікті  футболда тұрақтылық жоқ. Бірсыдырғы өнер көрсетіп келеді. Биыл қолда тұрған алтынды уыстан шығарып, қоланы қанағат тұтқанымыз соның дәлелі сияқты.

Келер жылдан үміт көп 

"Жуырда өңірге жаңа басшы келіп жатқанын естіп жатырмыз. Команданың алға басуына ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Клубқа өзіміздің қаракөз бауырларымызды көбірек тартар деген үміттемін, жаңа жыл "Тобыл" командамызға жаңа табыстар мен жаңа жеңістер әкелсін!" – дейді  команданың алыстағы жанкүйері. "Тобыл" былтыр ҚПЛ-ның чемпионы атанды. Маусым басталмай жатып еліміздің супер кубогін иеленді. Чемпиондар лигасының алғашқы кездесуінде аты шулы евролиганың топтық кезеңінен өтіп жүрген венгриялық "Ференцварош" командасымен терезесі тең ойын өрнегін көрсетті. Маусымды қола жүлдемен аяқтаған команда келер жазда Еуропалық доданың лига конференциясына жол тартпақ. Осындай ұжымның алға басуына келер жылдан да үміт көп.

А. Ғалымұлы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓