“Қара тізім” мерзімі қысқарады
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коллекторлық агенттіктердің кейбір негізсіз әректетеріне тосқауыл қойылмақ. Бүгін сенаторлар қабылдаған заң оларға бөгде адамдардың телефон нөмірлерінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесіне бейне және аудио түрінде жазба жүргізуге міндетті болады.
Палата депутаттарының пікірінше, бұл норма коллекторлар тарапынан дөрекі сөйлесу немесе заңнаманы бұзудан сақтайды.
Сонымен қатар, несие тарихына қатысты өзгеріс енгізілді. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде қабылданған түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады.
«Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен 10 жылда қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандасымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік алады», – деді сенатор Ольга Перепечина.
Заңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.
Айта кетейік, биыл наурызда Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдаған болатын.
Бұл ретте коллекторлардың заңсыз әрекетіне жол бермеуге қатысты талаптар күшейтіледі.