Мәселе екпеде ме?
Биыл облысқа шетелдерден 2 186 қара мал әкелінді. Келесі жылы мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы шеңберінде бұл көрсеткіш ондаған есе ұлғайтылмақ, яғни, 36 000 ірі қара сатып алынады. Осыған байланысты кәсіпкерлер палатасында түлік тасымалдау мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жиынға облыстық ауылшаруашылық басқармасының, аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының, ветеринарлық зертхананың өкілдерімен қатар ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты.
-Біздің облыста аусылға қарсы екпе егілмейді. Сондықтан әкелінетін қара малды арнайы мәртебесі бар өңірлерге тасымалдау керек,- деп түсіндірді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Ләйла Аңсабаева. – Қара мал тасымалдаушылардың арасында бізге көптен белгілісі – Ресей Федерациясы. Мынаған назар аударыңыздар: бізге шекара әлдеқашан «жабылған». Орынбор, Самара, Қорған, Челябі облыстарында аусылға қарсы екпе жасалады. Бұл өңірлерден біздің облысқа мал әкелуге тиым салынған. Бірақ, еліміздің оңтүстік облыстарына тасымалдауға болады.
Егер кәсіпкерлер басқа елдерден қара мал әкелгісі келсе, онда оның мәртебесі туралы ҚР АШМ интернет-ресурсынан қарап алуға болады. Мәселен, сондай-ақ, дерматит, сібір жарасы, аусыл тәрізді эпизотиялық жағдай жөнінде мәліметтер бар. Ветеринарлық бақылаудың аумақтық инспекциясы, тиісті ережелерді сақтамаудың салдары бүкіл еліміздегі кәсіпкерлерге зардабын тигізуі мүмкін екендігін ескертеді.
Ауылшаруашылық тауар өндірушілері ветеринарлық қауіпсіздіктің маңызын жақсы түсінеді. Ал оны шешудің жолдары қандай?
-Уақытша шектеу қашанға дейін созылады? – деп сұрады Денисов ауданынан келген шаруа қожалығының жетекшісі Нұржан Сатыбалдинов. – Мәселен, мен 5 000 шақырымнан мал әкелуге мәжбүр болып отырмын. Оны мына тұрған жерден ала салуға болатын еді. Сосын әкеліген қара мал біздің жағдайымызға бейімделіп кете ме? Сондықтан, малды қашан, қайдан сатып алуға болатынын алдын ала жоспарлауым керек.
Бірақ, бұған ешкім жауап бере алған жоқ. Мұндай жағдайда кез келген кәсіпкер тәуекелге бара алмайды. Кеңесте әңгіме өзегіне айналған мұндай мәселелер көп.
-Мал шаруашылығында қазір мәселе деген шаш етектен. Кеңес үкіметі тұсындағы мал басымен салыстырғанда бүгін қолдағы ірі қараның саны түкке тұрғысыз. Тіпті, біз өзімізді сүтпен толық қамти алмай отырмыз. Субсидиялаудың ережесі жылына бірнеше рет өзгереді. Тауар өндірушілер оларды түсініп үлгірмейді, – дейді «Тұрар» ЖШС директоры Қайрат Оспанов. – Вакцинация мәселесі де түсініксіз. Біреу екпе жасатса, енді бірі жасатқысы келмейді. Ал дәрі ексе, мал біткен ауыра бастайды. Нодульдік дерматитке қарсы егілген вакцинациядан кейін осындай жағдай болған.
Облыстық аумақтық инспекцияның жетекшісі Оразбек Батырбеков елімізде халықаралық эпизоотикалық бюро мақұлдаған вакциналар ғана салынатындығын айтады. Оның әсері әртүрлі. Оны ауру ретінде қабылдауға әсте болмайды.
Әлібек ЫБЫРАЙ