Спорт ардагерін еске алды

О.Қозыбаев атындағы Қаратал мектебінде үстел теннисінен ауыл жанашыры, спорт ардагері Ысқақ Ысмағұловты еске алуға арналған турнир болып өтті. Оған жасөспірімдер мен марқұмның жора-жолдастары, ауыл тұрғындары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Қарақоға ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Дүйсенов, мектеп директоры Аманболат Садуов, Ы.Ысмағұловтың туыстары, жолдастары сөз алып, марқұмды еске алды.
Жалпы, Ысқақ Исақұлының есімі ауылдастары арасында ілтипатпен аталады. Ол туған жерінде спорт түрлерінің кең қанат жаюуына зор ықпал еткен азамат еді.  Оның мамандығы зоотехник болғанымен, сексенінші жылдары ауыл мектебінде оқушыларды спортқа баулып, аудан көлеміндегі ірілі-ұсақты жарыстардан үнемі жүлделі орындарды еншілеп оралатын. Кейін ұзақ жыл "Қаратал" кеңшарының спорт жөніндегі әдіскері болып жұмыс істеді. Онда да ауыл спортын дамытуда көп еңбек сіңірді. Ұлттық спорт түрлерімен қатар футбол, баскетбол, волейбол, стол теннисі тәрізді классикалық спортты да дамытуға күш салды. Соның арқасында қараталдық жастар облыстық спорт жарыстарынан олжасыз қайтқан жоқ. Тоқсаныншы жылдары Ысқақ Исақұлы жеке кәсіппен айналысып, туған жерін гүлдендіруге қолынан келгенше көмектесті.
– Бір өкініштісі, ортамыздан ерте кетті. Бірақ, Ысқақ ағамыз артында үлкен із қалдырды. Мен де ол кісіні өте жақсы білемін. Көрші тұрдық. Ағалы-інідей араластық.  Қарапайым, ақкөңіл жан еді. Үнемі ақылын айтып, білмегенімізді үйретіп отыратын. Одан біз жаман болғанымыз жоқ. "Орнында бар-оңалар" дейді ғой халқымыз, шүкір, артында бала-шағасы, туған-туысы қалды. Ағамыздың орнын жоқтатпай, мынадай еске алу турнирін өткізіп жатқан ауыл азаматтарына, жолдастарына ризашылығымды білдіремін,-дейді ауыл әкімі Т.Дүйсенов.
Ысқақ Ысмағұловты еске алу турнирінде жеңіске жеткен спортшылар арнайы Кубокпен, медальдермен, Алғыс хатпен марапатталды.
                                                                                                                      Меңдіқара ауданы.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓