Жаңашылдыққа ұмтылу – заман талабы

Оқушыларды IT-технологияға баулу ауылдық жерлерде жақсы қарқын алып келеді. Осындай игі істің нәтижесі Алтынсарин ауданында тамаша көрініс тауып отыр. Шығармашылық үйінің жанынан ашылған жасөспірімдерге арналған робот техникасы кабинетінің шәкірттері облыстық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүр. 
Балғындарды осы бір іске машықтандырып, ынтасын арттырып жүрген ұстаз Мәди Қаратай 2014 жылы Қостанай педагогикалық институтын ойдағыдай тәмамдап, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасымен Алтынсарин ауданы білім бөлімінің әдіскері болып қызметке қабылданады. Сол жерден мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үйге де қол жеткізеді.
"Білім бөлімінде қызмет істеп жүрген кезімде облыс әкімдігінен жергілікті жерлерде IT-технологияны жетілдіру жөнінде бастама көтерілді. Аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен шығармашылық үйінің жанынан робототехника кабинеті ашылды. Өзім қалаған ұстаздық жолға бет бұруыма керемет мүмкіндік туды. Содан бері шәкірт дайындап келемін. Кабинет 3D моделімен жабдықталған. Бірнеше қызметті қатар атқаруға септігін тигізетін роботоқұрылғылар сақадай сай. Бүгінде шәкірттерім осы роботтардың құрастыру механизмін еркін меңгеріп, облыстық деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралуда", – дейді  жас ұстаз.
Алғашқы жарыстарын республикалық додаға іріктеуден бастаған тәлімгер шәкірттері осыдан үш жыл бұрын ҚИнЭУ қабырғасында үздік үштіктен көрінген болатын. Кейін Назарбаев зияткерлік мектебіндегі облыстық додада вице чемпион атанды.  Сарыкөл ауданында жуырда өткен өңірлік жарыста Мәди Сабыржанұлынан тәлім алып жүрген Обағандағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары екінші орынды иеленді.
" Әзірге ауданға іргелес жатқан Большой Чураков, Щербаков, Силантьев, Обаған ауылдарынан қырық төрт бала тәлім алып жатыр. Ауданға алыстау ауылдардағы балалардың да үйірмеге қызығушылығы бар екенін білеміз. Карантиннің алдында ол жақтардан балалар келіп тұратын. Талабы таудай талантты балалар шалғайдағы ауылдардан шығатынына сенемін. Біз жақпен жол қатынасы ата-аналардың қолдауымен жүзеге асырылып келген. Алдағы уақытта да оңтайлы шешілер деген үміттеміз", – дейді жас маман.
Олай болса, таланттардың ауылдан шығатынын ескеріп, шалғай елді мекендердің балаларын үйірмеге неге тартпасқа?!
                          А. ЖҮЗБАЙ
Алтынсарин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓