Боксшы қыз

Тәуелсіз Қазақстанның жастары білімді, дені сау, спортты жанына серік еткен жан-жақты, белсенді болуы шарт. Бұл – бүгінгі кейіпкеріміз Ақбота Нұрланқызының ұстанымы. Оны жақсы танитын дос-құрбылары "боксшы қыз" деп атайды.
Ақбота 2003 жылы Наурызым ауданында туған. Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде тарих мамандығы бойынша оқиды. ЖОО қабырғасында жүріп, өзінің айрықша қабілетімен танылған ару. Олай айтуға себеп – 4-5 сыныптан бастап бокспен айналысқан. Соның нәтижесінде аудандық, облыстық, респбуликалық, тіпті Genis атты халықаралық спорт, білім және ғылым  сайысында ТМД бойынша "Үздік студент" номинациясына ие болған.
— Спорттың маған берген пайдасы көп. Соның бірі шымыр әрі ширақ болуға баулыды. Көптеген жетістіктерге жетуіме жол ашып берді. Осы уақытқа дейін талай додаларда бақ сынадым. Біреуінен де жүлдесіз қалған емеспін. Жалпы боксқа келуім де қызық болды. Мектепте 4 сынып оқитын кезім. Сабақ барысында арнайы секция мүшелері келді. Қыз балаға да бокс-қа қатысуға болатындығын айтты. Ойлана келе қатысуға шешім қабылдадым. Алғашқы сәттерден-ақ, белсенділігімді көрсеттім. Наурызым ауданындағы бокс мектебінің тренері яғни бапкерім Қуанышбай Есімжанұлының айтуынша боксқа деген қабілетім жоғары көрінеді. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Мені аталған спортқа баулып, икемділігімді бірден байқады. Сол кісінің арқасында бағындырған биік белестерім өте көп. 2014-2015 жылдары көптеген марапаттарды иелендім. Бірнеше мәрте Наурызым ауданы әкімдігінің кубогінің иегері атандым. Сондай-ақ, дене тәрбиесінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін де марапатталдым. "Елбасы Медалі" жобасының қола медаль иегері де болдым. Бұл спорт менің хоббиім ретінде. Кейбір таныстарым қыз балаға қиын емес пе, деген сынды сөздер айтып жатады. Ешқандай да қиындығы жоқ. Бастысы бойдағы жалқаулық пен еріншектікті жеңу. Қалғандары өзінен өзі реттеле бермек, — дейді боксшы қыз.
Расында, Ақбота өте еңбекқор, әр ісіне ыждағаттылықпен қарайтын қыз. Тіпті өзі оқитын оқу орнында үлгілі студент ретінде танылған. Құрбы-достарының алды, тобында бірінші сатылы студенттердің бірі. Ол жөнінде жоғарғы оқу орынының оқытушылары да жақсы пікірде.
— Ақботаның боксшы қыз екенін биыл 3-ші курста білдік. Оған дейін қатардағы қарапайым студенттердің бірі деп ойлайтынбыз. Спортшы қыз деп айту мүмкін емес. Көбіне спортқа қатысатын қыздар ер балаға ұқсас  келеді ғой. Ал Ақбота болса керісінше нәзік. Марапаттары жайлы естігенде таң қалдық. Жалпы алғанда сабақ үлгерімі жақсы. Өзі оқитын тарих пәніне жан-тәнімен берілген. Сабақта тапсырылған тапсырмалардан бөлек, қосымша ақпарат іздеу, тарихтың қатпарлы беттеріне үңілуде зейіні ерекше. Болашағынан үлкен үміт күттіреді, — дейді тарих пәнінің аға оқытушысы Тобыл Жандаулетов.
 
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Қостанай қаласы.

You may also like...

1 Response

  1. Ерназар айтты:

    Талантты талапты жастар көп болсын 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓