Арқалықтың ақ таңы

_MG_3290Ы. Алтынсарин атындағы гимназияның мәжіліс залында қала әкімі Ғ.Бекмұхамедов халыққа есеп берді. Маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев, қалалық мәслихаттың депутаттары, ауыл және ауылдық округтер әкімдері, ардагерлер, мекеме басшылары, қала тұрғындары, құқық қорғау органдары және БАҚ өкілдері қатысты. 
– Арқалықтың қарқынды дамуына әлеуеті жеткілікті, – деп бастады қаланың 2014   жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алда тұрған міндеттерді саралаған қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың "Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол" Жолдауында жол құрылыстары – жаңа экономикалық саясаттың негізгі инфрақұрылымдық дамуы болатыны айтылды. Мыңдаған шақырым жаңа жолдар арқылы аймақаралық жол қатынасы нығая  түспек. Нәтижесі көліктік дәліздерді ғана емес, тұтастай алғанда елдің экономикасының дамуына тың серпін береді.
Оның жарқын дәлелі өткен жылы іске қосыл-ған "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолының қарқынды құрылысы. Теміржолды салу уақытында 400 адамға жұмыс орны ашылды. Келешекте осынша адам тұрақты жұмысқа ие болады деп күтілуде. Жаңа жобаның арқасында Арқалықтың теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Жалғызтал ауылында салынып жатқан теміржол бекетінің құрылысы да аяқталуға тақау. Жақында ауылдың 10 адамы жұмыспен қамтылмақ.
Келешекте теміржолға байланысты өңірде экономикалық қарқын өсе түседі. Бүгінгі таңда пойыздың тәулігіне 3 жүк құрамы жүрсе, 2016 жылы ол 10 пар пойызға артатын болады. Қазір жүк эквиваленті 51 мың теңгені құраса, 2020 жылға қарай 14 пар пойыз яғни, 71,4 мың теңгеге жететін болады. Сол жылдарға таман Арқалықтан 1500 жұмыс орны ашылу қажет деп көзделсе, Елбасының жаңа экономикалық саясаты оған жаңа мүмкіндіктер беретінін айқындатып отыр.
 Таяу болашақта 1600 шақырым автомобиль жолы: Орталық-Батыс бағытындағы Астана-Ақтау, Арқалық арқылы, Қарабұтақ-Ақтөбе-Бейнеу салынады. Биылғы жылы Ұлытау-Арқалық-Жарқайың тас жолының жобалық-сметалық құжаты әзірленеді.
Өңірдегі өндіріске өң берген "Агроинтерқұс" пен "Нұржайлау НС" ЖШС зәкірлі жобалары облыс жұртшылығына жақсы таныс. Бүгінгі күні құс фабрикасында 237, мал шаруашылығында 54 адам еңбек етуде. Екідің ауылындағы "Маятас" кенбайыту тәжірибелік өндірістік фабрикасында 49 адам жұмыспен қамтыл-ған. Тегеурінді тың жобалардың қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Өткен жылдан бері қалада 2 бірдей элеватор салынуда. Жел электр станциясы, мал сою пункті, кірпіш зауытын салу жобалары өз кезегін күтіп тұр. Жобалар жүзеге асқан жағдайда жүздеген адам жұмыспен қамтылады.
_MG_3297Өңірде мал басы өсуде. 2015 жылдың 1 қаңтарына текті ірі қара 18812 бас (өткен жылмен салыстырғанда 112,6% ), ұсақ мал – 27076 бас (113,0%), жылқы – 4299 бас (120,2%), шошқа – 4203 бас (103,7%), құс – 627 369 бас (117,9%), түйе – 14 бас (200%). 2014 жылы 12,2 мың теңге (108%) сүт, ет – 2,6 мың теңге (97,4%), жұмыртқа – 105 млн. 745 мың бірлік (97,3%) өндірілді.
 Арқалықтың ісі нық. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылуда. Өткен жылы 40 ақаулы үй сырылды. Биылғы жылы бұл жұмыс жалғасып, 316 млн. 555 мың теңге бөлініп отыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы 11,7 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға: Восточный, Үштөбе, Жалғызтал, Көктау, Молодежный, Аңғар, Родина ауылдарында көшелер жарықтандырылып, Восточный, Ашутасты, Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарында балалардың ойын алаңдары орнатылды.
 2014 жылы негізгі инвестициялық қаржы көлемі 6 млрд. 418 млн. теңгені (100,5 %) құрады. 2015 жылдың 1 қаңтарына шаққанда Арқалық қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны 1943 бірлік, оның жұмыс істеп тұрған орта бизнесі – 14. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шағын бизнес субъектілері 26 бірлік, немесе 1,4% өсіп, 1929 бірлікті құрады.
Кәсіпкерлікке мемлекет жәрдемі мол. Мысалы, 2014 жылы қала кәсіпкерлері 18 млн. теңге жеңілдетілген несиеге, инвестициялық жобалардың грантына 8 млн. теңге, шағын несиеге 30 млн. теңге игерді. Яғни 19 бизнес-жоба үкімет тарапынан қамқорлық көрді.
 Халықты жұмыспен қамту басты назарда. Өткен жылы өтініш берген 998 адам 100% жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 466 адам жергілікті бюджеттен, "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы арқылы әлеуметтік жұмыс орнына, жастар практикасына 532 адам тартылды.
Мұндай дәйектерді көптеп келтіруге болады. Бюджеттің әр тиыны есепте. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де қаланың кешенді даму жоспарына сай жүзеге асуда.
Әкімнің есебінен кейін жарыссөзге шыққан қаладағы "Инь Янь" сұлулық салонының иесі Н.Ержанова, Екідің ауылынан "Жасымбек" шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрқабыловтар мемлекеттің көмегінің арқасында іс бастап, шаруашылықтарын кеңейтіп жатқандықтарын тілге тиек етті.
Мұрат
       ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суреттерде: Қала әкімінің есеп беру жиынынан көріністер.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓