Жетістігіміз – жетінші орын

тобылСонымен  тағы бір кезекті ел біріншілігі артта қалды. Соңғы үш жылда ала-құла ойын көрсетіп, жанкүйерлердің көңілін су сепкендей басқан "Тобыл"  футбол командасы биылғы Қазақстан біріншілігінде тіпті шабандап қалған еді. Бірнеше тур бойы турнир кестесінің төмен жағынан шықпай қойған жерлестерімізге "өкпелегендері" сондай, кейінгі кезде стадионға баруды қойған қостанайлық жанкүйерлердің қуанышына қарай "Тобыл" биыл Премьер-Лигада қалды. Қалғанда да "айды аспаннан бір-ақ шығарды"!
Бәлкім, бұл қазақстандық команданы "құтқаруға" келген армениялық маман Вардан Минасянның бағы шығар. Әйтеуір, соңғы ойында "Тобыл" өзінің баяғы мінезіне басты. Атырауда, жергілікті командамен кездескен қонақтар алаң иелерін үш доп айырмасымен жеңді.
Матчтың 20-шы минутында айып добын орындаған команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтың жойқын соққысы А.Шабанов қорғаған қақпадан табылды. Мұнайлы өлкенің футболшылары да қарап қалған жоқ. Олар да бірнеше рет қауіпті жағдай туғызған. Алайда тасқамал А.Петухов қашандағыдай өзіне жүктелген ауыр міндеттің үдесінен шыға білді.
Бірінші таймның соңына таман Томаш Шимковичтің әуелете берген добын қақшып алып, алға озған Огнен Красич таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді.
Ал матчтың екінші бөлігі басталғанда "Тобыл" командасының ойыншысы Анатолий Богданов екінші рет "сары қағазды" еншілеп, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Бұл да қостанайлық аяқ-допшыларға еш кедергі ете алмады. Тоқсаныншы минутта Рауль Джалилов "Атырау" қақпасын дәл көздеп, ойынның нүктесін біржола қойып берді.
Міне, осы жеңіс "Тобылды" турнир кестесіндегі 7 орынға бір-ақ көтерді. Сөйтіп, жерлестеріміз команда басына үйірілген "қара бұлттан" біржола құтылды. Енді келесі жылы қостанайлық клуб бұ-рынғысынша жүлделі орындар үшін таласатын болады. Бұл ешқашан "күн тәртібінен түспейтін мәселе" екендігі барша жанкүйерлерге жақсы мәлім.
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓