«Тобыл» «Хайдукты» тас-талқан етті
UEFA Конференция лигасы аясында өткен екінші ойында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Хорватияның «Хайдук» командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті. Екі кездесудің қорытындысы бойынша қостанайлықтардың бағы басым болып, келесі кезеңге шықты.

Екінші тайм «Тобыл» ойыншыларының белсенді әрекетімен басталды. Жанкүйерлердің қолдауы жергілікті командаға сәт сайын күш бергендей. 56-минутта Душан Йованчич Серікжан Мужиковтан пас алып, қақпаға тепті. Доп қорғаушыға тиіп, қақпаның бұрышына қарай ұшты. Есеп 1:0.
«Тобыл» шабуылды арттыра берді. 6 минуттан кейін стадион тағы бір дүр сілкінді. Шабуылшы Игорь Сергеев таблодағы көрсеткішті 2:0 қылды.
Ойын қарқыны тіптен үдей түсті. Капитан Мужиков тағы да дәл пас берді, Сергеев тағы да гол салды: 3:0.
Қостанайлық команданың айып алаңында болған қарбаластардың бірінде қорғаушы Александр Марочкин «Хайдуктың» ойыншысын құлатты деп төреші пенальти белгіледі. Бірақ Александр Мокин 11 метрден тебілген допты сәтті қайтарды.
Қонақтар бар күшімен алға ұмтылды. «Тобыл» қарсыласының бірнеше шабуылына тойтарыс берді. Алайда, негізгі уақытқа қосылған 5 минутта хорваттар дегеніне жетті. Голды Эмир Сахити салды. 3:1.

Қоса кетейік, Сплит қаласының «Хайдук» футбол командасы Хорватияның алты дүркін чемпионы.
Аслан ҚАНҒОЖИН